«ҰЛТТЫҚ КИІМ» КҮНІ ҰЛТТЫҚ ДИЗАЙНЕРЛЕРДІҢ ТУЫНДЫЛАРЫ КӨРСЕТІЛДІ

671
0
Бүгін республикалық Наурыз меркесіне арналған онкүндік шеңберінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының «Көрме орталығында» – «Ұлттық киім» күні аталып өтті. Бұл күні ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы ұйымдастырылды.
Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Ол жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғайыр тарих.
Негізі қазақтың ұлттық киімдері өзге халықтарға ұксамайтын өзіндік ерекшеліктерімен айшықталады. Ерекшелігі сол, қазақы киімнің барша сәнділігі оның ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі жатыр.
Бүгінде бұрынғы замандардан қазірге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қазақ қолөнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан ұлттық киімдеріміз бар. Олардың кейбіреуін көнекөз қарттарымыз күнделікті киіп жүрсе, енді бірі қыз ұзату, келін түсіру сияқты ойын-сауыққа пайдаланып жүргенін көріп жүрміз.
Осыған орай «Ұлттық киім» күні өткізіліп отырған іс-шараның мақсаты да — қазақтың ұлттық киім үлгілерін көпшілікке насихаттау арқылы қазақтың киім кию үлгісін заманауи жаңғырту. Осы бағытта жұмыс атқарып жатқан ұлттық киім дизайнерлерінің туындыларын халыққа кеңінен насихаттау, сондай-ақ сән әлеміне интеграциялауға ықпал ету болып отыр.
Ұлттық киім дизайнерлерінің дайындаған ұлттық киім үлгілері заманауи тұрғыдан ұлттық нақышта тігіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Көрсетілген киім үлгілері тек сахналық немесе мерекелік емес, күнделікті киетін жүруге ыңғайластырылған.
Көретілімге 10-нан аса дизайнер қатысты. Араларында дизайнер Нұрипа Сүйірқұлова «Jansulu prinses» брендімен, Гүлмира Бакирова «Алиша» коллекциясымен, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің студенттері Алтынай Құралбай мен Насыр Гүлназ сынды жас дизайнерлер өз туындыларын ұсынды.
Қазақтың ою-өрнектерін киімдерге қолдану үлкен талғамды қажет етеді. Талантты дизайнерлер көрермендердің назарына қазақ халқының ұлттық өнерін қайнар көзі ретінде пайдалана отырып, заманауи киім топтамасын қалай дұрыс құрастыру және үлгілеу тәсілдерінің сауатты әрі жеңіл жолын көрсетті. Инновациялық технологиялардың көмегімен жасалған ою-өрнек және әрлеу жүйесін, пішу техникасы мен киім ансамблінің бейнелі шешімін табудың тың жолдарын көрсетті. Сондықтан, дизайнерлердің туындылары көрмеге келгендердің көңілінен шығып, олар киімдерге қызығушылық танытты.