ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА
Әлемде геосаяси ахуал уақыь өткен сайын ушығып барады. Сәйкесінше, солтүстіктегі көршімізге салынған санкциялардың салдарынан логистикалық тізбек бұзылды. Артынша базардағы баға құбылып шыға келді. Мұның өзі әлеуметтің әлеуетіне айрықша әсер етіп жатыр. Шеттен келетін тауарлардың бағасы күрт аспандады. Әйткенмен мемлекет тарапынан қабылданған жедел шешімдердің арқасында әлеуметтік азық-түлік бағасы біршама ретке келді. Бүгінде жергілікті әкімдіктер аталған тауар түрлерінің бағасын бақылауда ұстап отыр.
Мәселен, Шымкентте азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының баға тұрақтылығын қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес. Бұл тауарлар сауда нысандарына берілген қаражат есебінен қаладағы 115 сауда орнында белгіленген ортақ бағада сатылып келеді. Оның ішінде «GraMad» желісінің» – 24, «Магнумның» – 31, ет өнімдерінің – 10 сауда нүктесі болса, 45-і – үй маңындағы дүкендер. Сондай-ақ 5 жылжымалы көкөніс нүктесі бар. Бұл туралы Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы хабарлап отыр.
Бұл ғана емес, биыл мегаполисте әлеуметтік сауда орындарының санын көбейту жоспарланған. «Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және жергілікті тауар өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыру мақсатында арнайы келісімшарт түзілген. Олардың қатарында ұн, жұмыртқа, нан және ет өнімдері бар. Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасы өсімінің алдын алу мақсатында форвардтық келісімшарт жасалған. Сондай-ақ қала тұрғындарын нарықтан 10-15% төмен бағада азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Тұрғындар көп шоғырланатын 9 нүктеде өтетін шараға жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтар атсалысып жүр» дейді мамандар. Қош делік, үшінші мегаполисте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығы әзірге байқалмайды. Баға әкімдік тарапынан бақылануда. Демек алаңдауға негіз жоқ.