ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕМЕН КҮРЕСУГЕ ЖАСТАР ОРТАЛЫҚТАРЫ ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕДІ

865
0

Бүгінде өскелең ұрпақ арасында сан түрлі мәселе бар. Интернеттің бұғаусыз кетуімен түрлі санаға жат, түсінікке қайшы ұғымдар кеңінен насихатталып келеді. Оның ішінде әлеуметтік желідегі трендке ілесуді мақсат еткен жастар заңға томпақ келетін әрекеттерге жиі баратын болған. Осындайда, теріс әрекеттермен күресуді мемлекет мықтап қолға алмаса, ұтыларымыз көп. Осы орайда, елімізде, оның ішінде, Түркістан қаласында жастарды жағымсыз әрекеттен арашалауды мақсат еткен іс-шаралар кеңінен қолға алынып келе жатыр.

Мәселен, жуырда Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары Қ.А.Ясауи атындағы кәсіби колледжінде жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, нашақорлық, алкогольге тәуелділік, шылым шегудің, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жиналыс өткізді. Жиналысқа кәмелетке толмағандар жөніндегі полиция аға лейтенанты Б Мейірханов, Түркістан қаласы емханасының психологі Анапия Мадина, акушер-гинеколог Ж.Әмірханова қатысты. Жиын барысында сала мамандары жастарға құнды деректерді айтып берді. Оның ішінде алкоголизмнің қазіргі уақытта өршіп тұрғанын тілге тиек етті. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта ащы суға сылқия тойып алып, қылмысқа баратын, беймезгіл уақытта жүретін, түрлі бұзақылық істейтін жастар жеткілікті. Олардың алдын алу үшін жасалатын ең бірінші шара – ақпараттандыру. Яғни бұл теріс әрекеттердің салдарын жастар санасына мықтап сіңіру қажет.

Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде ішімдікке тәуелділердің саны артып барады. Ресми деректерді алға  артсақ, Қазақстанда алкогольдік өнімдерге әуес 90 мыңға жуық азамат есепте тұр. Ащы судың арбауында жүріп, үй-жайын, жиған-терген мүлігін, жақындарын, тіпті өмірлік жарын жоғалтқан жандар да жетерлік. Мұндай келеңсіз жайттар, әсіресе, суық мезгілдерде өрши түседі. Міне, осы уақыттарда спирттік ішімдіктерге әуестеніп, шамадан тыс тұтынатындар дендеп кетеді. Дені сау адамның ішімдікке салынуына сан түрлі себеп әсер етуі мүмкін. Психологтардың пікірінше, тәуелділік үлкен өмірге енді ғана қадам басып келе жатқан жастар арасында өрши түседі. Ал бұл кеселден құтылудың бірден-бір жолы – оңалту орталықтарының қызметіне жүгіну. Республикалық Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психотерапевті Гүлнұр Атамбаеваның айтуынша, тәуелділікті емдеу бағытындағы көмек көрсету бағыты немесе программасы 3 кезеңнен өтеді. Барлық науқастарда егерде наркологқа баратын болсам, көмек сұрауға, бұл дәрігерлер мені учетқа қояды деген қорқыныш бар. Ал наркологиялық учеты бар науқастарда жұмысқа тұру мәселесі туындайды. Себебі көп мекеме мұндай азаматтарлы қабылдай бермейді. Сондықтан да мұнымен күрес қарқын ала алмай келеді. Әйткенмен тәуелділерді түзеумен мәселенің шешілмесі айқын. Сол себепті де түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңызы айрықша. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстарды жоғары бағалауға болады.