ЖЕМҚОРЛЫҚ — ІНДЕТ, ОНЫ ЖОЮ — МІНДЕТ
Кез келген қоғам үшін өзекті мәселенің бірі – жемқорлық. Бүгінде қазына қаржысына бақылау болмаса, қоғамның одан ұтылары көп. Сондықтан мұндай мәселемен күрес шаралары қарқынды жүруі тиіс. Яғни елдің әрбір азаматы пара беру мен пара алуды қылмыс санап, өзіне тапсырылған міндетке адал болғанда ғана жемқорлықтың жолы кесіледі. Осы орайда, бүгінгі таңда елімізде халықтың сауатын арттыру ісіне айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында қолға алынып жатқан шаралар шаш-етектен. Бүгінгі материалымызда сондай шаралардың бірі турасында тарқата баяндамақпыз.
Түркістанда жастар қоғамдық кеселмен күреске өз үлестерін қосып жатыр. Ашығырақ айтсақ, Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен шаһардағы жұрт жиі жүретін жерлер мен қоғамдық орындарға арнайы үнпарақтар жапсырылуда. Онда жемқорлық фактісімен бетпе-бет келген қала тұрғындарына не істеу керегі, қандай шара көруі турасындағы базалық ақпараттар топтастырылған. Жалпы сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы. Өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де бейқызметтік мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс табады.
Сондықтан мұндай өзекті мәселемен күресте қоғамның бірлігі аса қажет. Әсіресе, елдің ертеңі саналатын жастар мұндай заң талаптарына томпақ келетін әрекеттерден аулақ болғаны жөн. Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болсаңыз, үнпарақта көрсетілген 1424 call орталығына хабарлассаңыз болады.