ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДІҢ АЛДЫН АЛУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ШАРА ӨТТІ

1030
0

Қазіргі уақытта Түркістан қаласында мектеп оқушыларын жат әдеттен сақтандыруды мақсат еткен іс-шаралар белсенді жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, шылым шегу, ішімдікке әуестік, нашақорлыққа құмарту сынды өзекті мәселелер бойынша арнайы жасақталған ақпараттық-насихаттық топ білім ордаларына табан тіреп, кездесулер өткізуде. Оған мектептердің жоғары сынып оқушылары белсене қатысып, өз ойларын айтып, сауалдарын жолдауда. Жуырда сондай игі шараның бірі өткен болатын. Тарқатайық…

Түркістан қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы білім беретін мектебінде 8-11 сынып оқушыларымен кездесу өтті. Онда жастарды құрығына іліп, құрдымға батыратын шылым шегу, ішімдікке әуестік, нашақорлықпен күрес тақырыптары сөз болды. Сонымен қатар жиын барысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалынатын қылмыс пен құқықбұзушылықтардың және оқыс оқиғалардың, жазғы кезеңде оқушылардың келеңсіз жағдайларға тап болуының алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары да жүргізілді. 3 мамыр күні ұйымдастырылған келелі кездесуге Түркістан қаласы полиция басқармасының ЖПҚ ЮПТ-ның УПИ полиция аға лейтенанты, мектеп инспекторы Алтынбек Бексұлтан Алтынбекұлы арнайы қатысып, заң талаптарын, құқықбұзушылық пен өзекті мәселелердің салдары неге ұрындыратынын түсіндірді.

Шараны Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Б.Айтуреев ашып, күн тәртібіндегі мәселемен таныстырып өтіп, оқушылардың қауіпсіздік шараларын қатаң ұстауды талап етіп, пайдалы кеңестерімен бөлісті. Жазғы каникул кезіндегі өрт қауіпсіздігі, электр қуаттары мен құралдары, көпқабатты үйлердегі терезелер қауіпсіздігі туралы айтылды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Түркістан ҚПБ-ның ЖПҚ ЮПТ-ның УПИ полиция аға лейтенанты, мектеп инспекторы Алтынбек Бексұлтан Алтынбекұлы сөз алып, мектеп оқушылары арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу туралы, қылмыс жасау жақсы ма, жаман ба деген сұрақтар беру арқылы ойтүрткі жасады. Ақша салып ойнайтын ойындардан аулық болу, лудомания, буллинг, кибербуллинг, суық қарумен, зиянды әрекеттерден аулық болу, темекі, электронды темекі, ішімдік жайлы мүлдем ойламау керектігі айтылды. Қылмыс жасаудың алдын алу үшін кез келген оқушы бір күнін тиімді ұйымдастыра білуі керектігі сөз болды. Көшеде жүру ережеліне тоқталып, электромапед, самокат айдау ережелеріне баса назар аударып өтті. Кешкі сағат 22:00 ден кейін ата-анасыз көшеге шықпау, бөтен үйге қонбау, ешкімнің сөзіне ермей, адал болу керектігі айтылды. Кездесу барысында ел болашағы үшін маңызды буын екендіктерін сезінуіне, отбасы алдындағы парызын, Отан алдындағы борышын өтеуге белсенділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік тәжірибелер мен жобаларға жастарды тарту, ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан ұлттық мұраны дәріптеу, отаншылдық пен мемлекетшілдік сезімдерін арттыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру туралы айтылды.

Оқушылар мен ұстаздарға да сөз беріліп, пікірлері тыңдалды. Мәселен, 10 сынып жетекшісі Г.Қасымова әр оқушының сыныптастарымен, айналасындағы достарымен жақсы қарым қатынас жасау, достықта, бірлікте, ынтымақта болуы керектігін баса айтты. Ал 10 сынып оқушысы Асқарбекұлы Рамазан жоғары сынып оқушыларын әлеуметтік желі арқылы болсын, күнделікті өмірде болсын бір-біріне жаман сөздер айтпай тату-тәтті қарым-қатынаста болуға шақырды. Сонымен қатар зиянды әдеттен аулақ болу керегін ескертті. Қызу өткен жиында Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Б.Айтуреев қорытындылап, оқушыларды әрбір айтылған деректен ой тоқуға шақырды.