ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА ВИЗАСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ МҮМКІНДІК АЛМАҚ

2156
0

Түркістан облысында ашылатын оңтүстіккореялық университеттің филиалын бітірген студенттер аталмыш елде визасыз жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек БАҚ онлайн баспасөз мәслихатында айтты.

Министр алдағы 1-2 жылдың көлемінде ел аумағында әлемдегі жетекші техникалық университеттердің 5 бірдей кампусы ашылатынын айтты.

Соның бірі қазақстандық жастарға Оңтүстік Кореяда визасыз жұмыс істеуге мүмкіндік бермек.

«Төртінші кампус Түркістан қаласында орын тебеді. Оңтүстік Кореяда WOSONG дейтін жекеменшік университет бар. Облыстың әкімімен бірге ол университетке арнайы барып, кездескенбіз. Сол университеттің кампусын салу үшін ғимарат пен 1,2 гектар жер беріп жатырмыз», — деді ол.

Ведомство басшысының сөзінше, қазір Оңтүстік Кореяда халық «қартайып» бара жатыр. Жыл сайын 150 мың жұмыс күшін сырттан алдыруға мәжбүр.

«Біз ол университетке құрылысы бітпеген ғимаратты ақысыз негізде береміз. Олар сол құрылысты өз жобасы бойынша аяқтайды. Кейін осы WOSONG-Түркістан университетінің түлектері Оңтүстік Кореяда визасыз жұмыс істей алады. Оқу келесі жылы басталады. Киберқауіпсіздік, компьютерлік инженерия және Data Science бағыттарында маман дайындап бастайды», — деді Саясат Нұрбек.