СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ САРАЛАНДЫ

1121
0

Сыбайлас жемқорлық – қоғам алдындағы өзекті мәселе, өткір түйткіл. Сондықтан елімізде аталған мәселенің алдын алу бағытында түрлі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Жыл басынан бері Түркістан қаласында да біршама ауқымды шаралар жүзеге асты. Мемлекеттік қызметшілерге, жастарға, қала тұрғындарына ақпараттық бағытта арнайы деректер берілді. Мұндай шаралар қазіргі күнде де белсенді жалғасып келе жатыр. Мәселен, бүгін Түркістан қалалық ауруханасында және қалалық полиция мен кірістер басқармасында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілі Ерұлан Тұңғышбаевтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша кеңес өтті.

Қоғам үшін маңызды тақырыпқа айналған мәселе бойынша баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілі Ерұлан Икрамұлы қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы заңда қамтылған және көзделген маңызды заңнамалық өзгерістерге арнайы тоқталып, қатысушыларға құнды кеңестер берді. Ішінара тарқатар болсақ, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Бұл өзгерістің ерекшілігі, біріншіден – мұндай қылмыстарды әлеуметтік осал азаматтардың жекелеген санаттарының жасалуы, екіншіден – ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған сотталғандарға қатысты. Бұл ғана емес, енді жемқорлық жасап, айыбы ашылып, түрмеге тоғытылғандарға ешқандай жеңілдік болмайды. Яғни сотталғандарды бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу мүмкіндігі тоқтатылады. Бұл норма құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен соттың судьялары үшін сыбайлас жемқорлық бойынша жазаны күшейтуді көздейді. Сонымен қатар келелі кеңесте Ерұлан Тұңғышбаев «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» ТБН-4 жобаларын орындау бойынша түсініктеме берді. Жобалық басқару — бұл, ең алдымен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін көрсетуде, нақты нәтижелерге қол жеткізуде және формализмнен алшақтауда көрініс тапқан институционалдық реформалардың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол өз сөзінде ТБН-4 шеңберінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмысын ұйымдастыру сапасын арттыру үшін мүмкіндіктер ашылатынын айтты.

Кеңес қорытындысы негізінде Түркістан қаласы әкімі аппараты заң бөлімінің бас маманы Әзімхан Омаров осы талқылаудағы басты бағыттар сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу, сыбайлас жемқорлық қылмыс істемеу үшін барлық мүмкін жағдайларды болдырмау, заңды бұзу фактілерінің алдын алу бойынша қажетті шаралар атқарылатынын айтып, Мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу, қоғамда және ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, басшылыққа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай Колл орталығына, яғни 1424 нөміріне дереу хабарлау керектігін ескертті. Айта кетуіміз керек, 1 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын-соңды болмаған мемлекет үшін маңызды «Мемлекеттік сатып алулар туралы» негізгі заңның жаңа нұсқасына қол қойды. Қалың оқырманның жадында болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қыркүйегінде мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасын реформалау қажетін айтқан болатын. Нақтырағы өз сөзінде «Мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін құру қажет. Ең төменгі баға емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасы басымдыққа ие болуы керек. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алуларын бірыңғай платформаға ауыстыру қажет. Осы тәсілдерді іске асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдау қажет. Мен ұзақ мерзімдер, шексіз шағымдар, ашықтықтың жеткіліксіздігі тәрізді ағымдағы жүйенің проблемаларын жою үшін мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін енгізуді тапсырдым. Жаңа заң бюджет қаражатын ұтымды және тиімді пайдалануға ықпал етуі тиіс. Жаңа жүйе отандық кәсіпкерлікті одан әрі қолдауды қамтамасыз етуі және ең бастысы, бюджеттік қаржыландырудың көмегімен өзекті мәселелерді жедел шешуі қажет. Сатып алу процесін оңайлату және қысқарту, бағадан сапа басымдығы қағидатын қамтамасыз ету, яғни демпингке тиімді тосқауыл қою, сондай-ақ рәсімдерді толық автоматтандыруды жүзеге асыру міндеті тұр» деген болатын ел Президенті. Нәтижесінде жаңа заң жобасы қабылданып, енді міне қолданысқа еніп отыр.