ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРҒА СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

31
0

2025 жыл — елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы бастаманың аясында Түркістан облысында колледж түлектеріне арналған «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» атты ауқымды форум ұйымдастырылды. Форумның басты мақсаты — жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастар мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланысты нығайту.

Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, форумның мән-маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл тек жәрмеңке немесе жиын емес, еңбек адамына деген зор құрметтің белгісі. Әкім атап өткендей, өңірде 2 миллионнан астам халық тұрса, соның 660 мыңы — жастар. Олардың болашағы сапалы білім мен кәсіби машыққа тікелей байланысты. Биыл өңірдегі 50 колледжде оқып шыққан 12 мың түлек 75 түрлі мамандық бойынша еңбек жолына қадам басты. Бүгінде колледждер мен кәсіпорындар арасындағы әріптестік нығайып келеді. Жалпы, 700-ге жуық кәсіпорын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен тікелей жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылына колледждерге 15 500 орынға мемлекеттік тапсырыс беріліп, жаңадан 6 жұмысшы мамандығына лицензия алынған. Форум аясында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 40-тан астам жұмыс беруші қатысып, 1500-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жұмыссыз жастар мен жаңа түлектерге кәсіпорын өкілдері жұмысқа орналасу сертификаттарын табыстады. Қатысушылар арасында кәсіби тәжірибесі жоқ азаматтар да өзіне лайық қызмет түрін таба алды.

Ірі кәсіпорындар қатарында «Kazakhstan Lihua» ЖШС – 300, «Идеал Туркестан» – 55, «PSI Mineral Technologies» – 150, «Altyn Land» – 85, «Kaz Eco Meat» – 90 және «Kuzov Karabulak» ЖШС – 440 жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар, «Silk Way International», «QazEcoPack», «Baspolymer», «KazatomProm-SaUran» сынды кәсіпорындар да жастарды қолдауға дайын екенін көрсетті. Ұсынылған бос орындардың 75 пайызы немесе 1 163-і — өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларға тиесілі болса, 162 орын ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Жәрмеңке аясында инженер, механик, заңгер, электрик, дәнекерлеуші, оператор, аспаз, тәрбиеші, IT-маман секілді 100-ден астам мамандық ұсынылды. Форумда үшжақты ынтымақтастық Меморандумдары түзіліп, облыстағы ірі кәсіпорындар, колледждер және «Еңбек мобильділігі орталығы» арасында нақты келісімдерге қол қойылды. Бұл қадам – жұмысшы мамандардың болашағына жасалған нақты қолдау. Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниетті азаматтар үшін арнайы ақпараттық бұрыш ұйымдастырылып, «Тәуекел» қоғамдық ұйымының төрағасы Бурахан Даханов бастаған делегация қоныс аудару бағдарламалары бойынша кеңес берді. Олар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен мүмкіндіктер туралы түсіндіріп өтті. 2024 жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысында 43 378 адам жұмыспен қамтылса, соның 20 мыңнан астамы — жұмысшы мамандық иелері. Ұлттық жобалар аясында 1653 адам жұмысқа орналастырылып, жеке инвестиция есебінен 621 жаңа жұмыс орны ашылды. «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы арқылы 5 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.

Түйіндей келгенде, «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» форумы – еңбек нарығы мен кәсіптік білім беру жүйесінің тығыз байланысын көрсететін жарқын мысал. Бұл – жастарға сенімді бағыт, ел ертеңіне салынған инвестиция. Түркістан жастары үшін осындай қолдау шаралары болашаққа деген сенімді нығайтып, еңбекке деген қызығушылықты арттыра түсері анық.