МӘЖІЛІСТЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР АЙТЫЛДЫ

1737
0

Бүгінде қоғам мен билік жүйесіне сіңіп, таптаурынға айналған ауқымды мәселелер аз емес. Олардың қатарына сыбайлас жемқорлық сияқты түйткілді жатқызуға болады. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта қазынаның қаржысын жеке меншігіндей көріп, жымқырып отырғандардың біразы темір торға тоғытылды. Дегенмен бұл саладағы сыбайластықтың толықтай жойылғанын білдірмейді. Сондықтан да елімізде түрлі салалардағы заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша заңнама жетілдіріліп келе жатыр. Бұл ғана емес, ақпараттық-насихат жұмыстары да қарқын алған. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

Жалпы Түркістан қаласында жоғарыда біз сөз еткен мәселенің алдын алу бойынша бірқатар тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлық жасау мен оның салдары турасында түсіндірме жұмыстарын жүргізген бірнеше жиын өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып келе жатыр. Мәселен, бүгін Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілі Тұңғышбаев Ерұлан Икрамұлы төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Бұл жиынға басқарма мамандары белсене қатысып, тақырып төңірегінде құнды мәліметтер алды. Сонымен қатар көкейдегі сауалдарына жауаптар берілді.

Жиын барысында баяндама жасаған Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілі Ерұлан Икрамұлы Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы Заңда қамтылған маңызды заңнамалық өзгерістеріне қатысушылардың назарын аударды. Заң талаптарын тәптіштеп түсіндірді. Соңғы уақытта жемқорлық жасап, түрмеге түскендердің жазасын қатаңдату бойынша бірқатар батыл бастамалардың көтерілгені рас. Мәселен, енді ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін соттылы болғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыға алмайды. Яғни мұндай қылмыстарға мерзімінен бұрын босап шығуды қолдану тыйым салынады. Бұл өзгерістің ерекшілігі, біріншіден – мұндай қылмыстарды әлеуметтік осал азаматтардың жекелеген санаттарының жасалуы, екінші өзгерісі – ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған сотталғандарға қатысты. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу мүмкіндігін тоқтату. Бұл арқылы жемқорлардың артықшылықтары жойылды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күресу – қазіргі уақытта Қазақстан билігінің қолға алып отырған бірден-бір басым бағыты. Бүгінде сыбайластыққа барғандармен күрестің қарқынды жүруі үшін көптеген тың тәсілмер мен амалдар жүзеге асырылып жатыр. Тіпті, бұл түйткіл мемлекет басшысының назарында десек, артық айтқанымыз емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе» деген болатын. Сонымен қатар 2022 жылғы Жолдауында мемлекеттік сатып алу бойынша жемқорлық фактілерін азайту үшін заңға реформа керегін де мәлімдеген. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы» Заң қоғам мен мемлекеттік жүйедегі жемқорлықты тежеуді, алдын алуды көздейді. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта қоғам мұндай теріс әрекет әрі құқықбұзушылықпен бетпе-бет келіп жатады. Айқын ақпар, толық түсінік болмағандықтан, мәжбүрлі түрде пара беруі мүмкін. Мұндай оқиғалар еліміздегі ахуалды қиындатып жібереді. Сондықтан да қоғамның кеселіне айналған мәселемен бірге күресудің маңызы айрықша. Өйткені пара беру мен алу азаматтардың қалтасын қақса, биліктің ел алдындағы абыройының түсуіне, мемлекеттік қызметшілерге деген теріс көзқарастың қалыптасуына себеп болады. Сондықтан да Қазақстанда бұл түйткілдің түйінін ағыту бойынша кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр. Бұл бағыттағы шаралар мен бастамалар арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынып отыр. Жалпы күллі қоғамның алға жылжуы үшін мемлекеттегі әрбір азаматтың құқығы қорғалуы тиіс. Міне, сонда азаматтық қоғам орнайды. Ал жүйені жемқорлық жайласа, салалардың дамуы неғайбыл. Сондықтан мұндай өзекті түйін, өткір мәселемен күресте қоғамның бірлігі аса қажет. Қоғам бірігуі үшін ашықтық аса қажет. Сонда ғана жемісті нәтиже болмақ. Жемқорлық — елдің, әлеуметтік алға жылжуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Оған осы бастан тоқтау қоймаса, мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы айрықша.