ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Елімізде қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп жатқан білікті кадрлар көп. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен халқымыз үшін маңызы жоғары қасиеттер мен құндылықтарға қысқаша тоқталайын. Бірінші маңызды мәселе. Біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Түрлі қаржы пирамидасына, құмар ойындарға әуес адамдар ақшаның оңай жолмен келмейтінін түсінуі керек. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады. Мен академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек. Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті еңбекқор адамдар» деп, еңбек адамдарының қызметін қоғамға насихаттауды тапсырған еді.
Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкентте еңбек адамдарының атқарған ісі мен тындырған тірліктерін қоғамға насихаттау ісі қарқын алып келеді. Бүгінде түрлі кәсіби мерекелер қарсаңында саналы ғұмырын белгілі бір салаға арнаған ардагер мамандар мен кәсіби қызметкерлер ескерусіз қалған емес. Жалпы еңбек адамы – әлеуметтік құрылымдардың ең маңызды бөлшегі. Қай сала болмасын жасампаз тұлғалардың еңбекқорлығының арқасында өрлеу мен өркендеу салтанат құрады. Міне, осындай еңбек адамы белгілі бір мекемені ғана емес, елдің дамуына орасан үлес қоспақ. Шымкенттік ұстаз Хатира Мырзабаева өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде 30 жылдан бері талмай еңбек етіп келеді. Бүгінде «Нұртас» зияткерлік мектебінде бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып отырған Хатира Ноғайбекқызы ұзақ жылдық тәжірибесіне сүйеніп, оқушыға білімнен бұрын тәрбие маңызды екенін алға тартты. Өз сөзінде «Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген қанатты сөзі бар. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, тірегін қалыптастыру дегені. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен саналы тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына. Әрине, біз қашанда бастауыш сынып бүлдіршіндеріне білім беруді парыз деп санасақ та, тәрбие ісін жан-жақты жетілдіріп отыру негізгі міндетіміз. Өйткені, білім мен тәрбиенің үйлесімі ғана егемен еліміздің дамуына үлес қосатын жас өрендерді өсіреді» деп атап өтеді Хатира Мырзабаева.
Бұл жанның еңбек жолы өзге әріптестеріне үлгі. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындатар ұстаздарға жетекшілік етіп, оларға бағыт берудегі еңбегі елеусіз қалмады. Күні кеше Шымкент қаласында Еңбек күні мерекесінде Хатира Ноғайбекқызы озаттар қатарынан көрініп, қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Әр адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Бар ғұмырын, ұрпақ тәрбиесінің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек. Айта кету керек, Шымкент қаласында талай жыл бойы белгілі бір саланың дамуына еңбек сіңірген азаматтарды өзгелерге үлгі ету бастамасы сәтті жүзеге асып келе жатыр. Әсіресе, ақсақалдар кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті филиалы тарапынан еңбек адамдарын елге насихаттау үрдіске айналуда. Әрине, мұның барлығы, біріншіден, мемлекет басшысы атап айтқан еңбек адамдарына құрмет көрсетуді көздеу болса, екіншіден, жастарға үлгі ету.