«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ — БИЛІКТІҢ АЙНАСЫ»

13
0

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларының қарқын алғанына біршама уақыт болды. Жалпы бұл түйткіл қоғамдағы барлық саланың жұмысын тұралатып тастайды. Қазынадан бөлінген қаражаттың дер кезінде тиісті орнына жетпеуіне кесірін тигізеді. Осының салдарынан жергілікті тұрғындардың мәселесі шешілмей, билікке деген сенімі төмендейді. Сондықтан да мұндай өзекті түйткілмен қоғам болып күресуіміз шарт. Бұл тұрғыдан келгенде, мемлекеттік қызметшілерге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Өйткені әлеуметпен тікелей жұмыс істейтін жергілікті атқарушы биліктің әрбір қызметкері жұмысына адал болуы шарт. Сонда ғана межелі көрсеткіштерге мерзімінде жетуге болады. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жергілікті жерлерде жүзеге асыратын өкілді органдар мен мамандар бар.

Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңның әрбір бабын қызметшілерге түсіндіріп, ұдайы жиындар өткізіп келе жатыр. Мәседен, бұл бағыттағы шаралар Түркістан қаласында бір сәтке болсын тоқтаған емес. Мәселен, Түркістан қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Алпысбайұлы 2024 жылдың 1 тамызында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік қызметшілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс шараға қала әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері қатысты. Оның ішінде арнайы шақыртумен Түркістан қаласы әкімдігінің  Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Қадырболат Қабдырұлы шақыртылды. Қадырболат Қабдырұлы жиын барысында «Мемлекеттік қызметші – биліктің айнасы, оның түр-сипаты болып табылады. Қазіргі таңда, мемлекеттік қызметшілер күнделікті қызметінде, халықпен кездесу барысында өзін-өзі ұстау мен көпшілік алдында сөйлеу кезінде әдеп нормаларына сай келе бермейтін түрлі кемшіліктерге жол беріп алатын жағдайлар да кездеседі. Осыған орай мемлекеттік қызметші мемлекеттің мүддесіне және азаматтардың құқығына залал келтіретін іс-қимылдарға қарсы тұруға, заңмен белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті. Әрқашан да қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметін кәсіби, жоғары дәрежеде көрсете білулері тиіс» деп атап өтті. Жиынға қатысқан 4 жас мемлекеттік қызметшілерге консультативтік көмек көрсетілді. Жалпы елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған. Осы Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданылады. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғаларға қатысты қолданылады. Қала берді, сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық пен жаза – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылық пен жаза – Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген.

Айта кету керек, сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Бұған дейін ел президенті «Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде. Мысалы, академиялық адалдық қағидатын берік ұстанатын жоғары оқу орындарының қатары, өкінішке қарай, өте аз.  Соның кесірінен студенттер емтихан тапсыру үшін тапжылмай оқудың қажеті шамалы деп ойлайтыны жасырын емес. Заңсыз алым-салықтан әбден қажыған инвесторлар мен кәсіпкерлер де үнемі шағым айтуға мәжбүр. Әсіресе, мұндай ахуал кеден және құрылыс саласында белең алған. Біз  бұған мүлдем жол бермеуіміз керек. Азаматтар мен кәсіпкерлерге пайдасы тиетін нақты өзгеріс жасауға тиіспіз. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы әзірленді. Жалпы, тұжырымдамада сыбайлас жемқорлықпен күресуге арналған ауқымды шаралар қарастырылған» дей келе, тиісті құқық қорғау органдарына жұмысты ширату туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде аталған тапсырма негізінде еліміздің басым бөлігінде жқмыстар жүзеге асып келеді. Оның ішінде жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру бойынша ақпараттық-насихат жұмыстары белсенді жүргізіліп келе жатыр. Бүгінде бұл бастамаға білім ордалары, жастар орталықтары, ақсақалдар кеңесі атсалысып келеді.