ҰЛАНДЫҚТАР ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛДАУШЫЛАРДЫ ҰСТАДЫ

313
0

2 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауын жариялады. «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты маңызды құжатты таныстыру барысында ел Президенті «Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді. Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек» деп атап өтті.

Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынып жатқан жұмыстар аз емес. Оның ішінде Шымкент қаласында азаматтардың құқығын қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, жуырда Шымкентте ұландықтар түзеу мекемесінің аумағына есірткі тасымалдауға тырысқан ер адамдарды ұстады. Бірінші оқиға 7 қазанда түнгі сағат 03.00 шамасында болды. Ефрейтор Данияр Ақберген бастаған ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінің әскери жасағы №53 ҚАЖ мекемесінің іргелес аумағын патрульдеу барысында түзеу мекемесінің қоршауынан пакетті лақтыруға тырысқан ер адамды байқады. Не болып жатқанын көріп, әскери қызметшілер ер адамды дереу ұстау туралы шешім қабылдады, содан кейін олар полиция қызметкерлерін одан әрі мән-жайды анықтау үшін шақырды. Кейінірек белгілі болғандай, сөмкеде белгілі бір иісі бар тыйым салынған зат болған. Екінші оқиға келесі күні 8 қазанда орын алды. Бұл жолы қылмысты ашуға «Линда» атты қызметтік ит көмектесті. ҚАЖ мекемесінің айналасында қызмет атқару барысында патрульдік топтың бастығы қатардағы жауынгер Абди Исламбек қоршау бойымен жүріп, жан-жағына қарап тұрған күдікті адамды байқады. «Түзеу мекемесінің іргелес аумағында жүріп, төрт аяқты досымыз бұталардан күдікті затты тапты. Сыртқы тексеру кезінде зат есірткіге ұқсас болды. Біз байламды бұл азамат тастап кетуі мүмкін деп ойладық және оны дереу ұстау туралы шешім қабылдадық», — деді қатардағы жауынгер Абди Исламбек. Одан әрі әскери қызметшілер полиция қызметкерлерін шақырды. Олар өз кезегінде тыйым салынған затты одан әрі тергеу үшін тәркіледі. Айта кету керек, әскери қызметшілер мен полиция қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылдарының арқасында түзеу мекемесінде есірткі заттарының одан әрі таралуын тоқтатып, аса ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік болды.

Айта кету керек, бұған дейін Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және Нашақорлыққа қарсы Штабтың отырысы өткен болатын. Арнаулы және құқық қорғау органдарының басшылары мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысқан отырысқа Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Жұмабекұлы Асылов төрағалық етті. Күн тәртібінде адам саудасының алдын алу, бұрын сотты болған азаматтардың қайта қылмыс жасауын болдырмау, әуе және темір жол көліктерінде есірткі заттарының жолын кесу, нашақорлыққа қарсы спорттық іс-шараларды жандындыру мәселелері қарастырылды. Төраға, атқарылған жұмыстардың барысымен танысып, қазіргі уақытта алдын алу шараларын жетілдіруде әзірленген ұсыныстарды талқыға салды. Аумақтық полиция департаменті бастығының орынбасары адам саудасының жолын кесуде құқық қорғау органдарымен атқарылған жұмыстардың барысын баяндап, әліде болса қала тұрғындарын ақпараттандыру жұмысын жандандыру қажеттіліктерін атап өтті. Аса мән беруді қажет ететін пробациялық бақылаудың қазіргі жай-күйі мен проблемалық мәселелерін аумақтық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары атап өтіп, оны күшейтуде қабылданып жатқан шаралар бойынша ақпараттар берді. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша басқа да мекемелердің ұсыныс пен пікірлері тыңдалып, ортақ ұйғарымға келісті. Отырыс қорытындысы бойынша төраға жұмыстарды барынша күшейту, мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруда бірнеше тапсырмаларды берді. Айта кету керек, соңғы уақытта нашақорлықпен күрес жұмыстары қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Өйткені өскелең ұрпаққа ауыр зардап тигізетін аталған қылмыс түрі қоғамда ушығып тұр. Сәйкесінше, жедел қолға алынған шаралардың арқасында бірқатар қылмыстардың жолы кесіліп жатыр.