ЖАУЫНГЕРЛІК ТУДЫ ТАПСЫРУҒА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

12
0

Елімізде қорғаныс саласына айрықша мән беріліп келеді. Өйткені соңғы уақытта әлемде геосаяси ахуал шиеленісіп жатыр. Сондықтан мұның маңызы айрықша. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде жүзеге асып жатқан шаралар аз емес. Осы орайда, ағымдағы жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деп атап өткен болатын.

Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкентте жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Жуырда үшінші мегаполисте ҚР Қорғаныс министрлігінің 35748 әскери бөлімінде аумақтық қорғаныс бригадасына Жауынгерлік Туды тапсыруға арналған салтанатты іс-шара өтті. Тапсыру рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, бөлім командирлері, Шымкент гарнизонының әскери қызметшілері, ардагерлер, сондай-ақ «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы мен «Алан» халықаралық мектебінің оқушылары қатысты. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әскери қызметшілерді құттықтап, Қазақстан Республикасының Президенті — ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың грамотасының мәтінін оқыды. «Жауынгерлік ту әрбір әскери қызметшіге Отанды қорғаудың батырлық дәстүрлері мен қасиетті борышын еске салады. Жауынгерлік ту-әскери бөлімнің тарихы мен сіңірген еңбегінің, сондай-ақ оның Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне тиесілілігінің куәлігі. Әскери ар-намыс пен ерліктің, даңқтың нышаны әрқашан  биікте желбіресін»,-деді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов. Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары өзінің құттықтау сөзінде Жауынгерлік Туды тапсыру әрқашан үлкен құрмет пен мақтаныш екенін атап өтті.