АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАЛА ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ

247
0

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Бүгінде ел азаматтары мемлекеттік деңгейдегі мәселелерге үн қатып, ұсыныстарын жеткізіп жатыр. Бұл ғана емес, өңір-өңірдегі әкімдіктер бұқарамен жиі кездесулер өткізіп, түйткілді түйіндеріне құлақ асуда. Ал қаузалған өзекті түйіндер бойынша хаттамалар толтырылып, шешілуі үшін қыруар іс атқырылып келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жемісті жұмыстар аз емес. Күні бүгінге дейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге арнайы ат басын бұрып, әлеуметтің мәселесіне құлақ асуда.

Бұл ғана емес, Шымкент қаласында тұрғындармен көшпелі кездесулердің жаңа форматы қолға алынды. Кездесу — әр жұмыс күні бір аудан тұрғындарына арналып, азаматтарға өздерін толғандырған мәселелерді тікелей көтеруге мүмкіндік береді. Алғашқы кездесу Абай ауданының «Самал-2», «Шұғыла», «Ынтымақ-2», «Қызылжар», «Жайлау» және «Алтынтөбе» шағынаудандарының тұрғындарымен өтті. Кездесу барысында тұрғындар жер қатынастары, балалар алаңдарын салу, бейнебақылау камералары мен көше жарығын орнату, жолды асфальттау және кеңейту, қоғамдық көлік жұмысы мен кәріз жүйесін тарту секілді маңызды мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, кездесуде ұялы байланыс сапасы, жол белгілері мен бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер өткелдері мен ирригация жүйесінің жоқтығы, қоқыс шығарудың уақытылы жүргізілмеуі де назардан тыс қалмады. Тұрғындар мектептер, шағын футбол алаңдары, мешіттер, балабақшалар және мәдениет үйлерін салу қажеттілігі жайлы да ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген мәселелердің кейбірі сол жерде шешімін тауып, қалғандары аудан әкімдігі мен тиісті басқармалардың жұмыс жоспарына енгізілетін болды. Сонымен қатар, қала әкімі тұрғындарға тазалықты сақтау қажеттігін ескертті. «Қаланың тазалығын тек коммуналдық қызметтерге жүктеуге болмайды, себебі шын мәнінде тазалық әрбір тұрғынның қоқыс тастамауынан басталады», — деді қала басшысы. Айта кету керек, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында қаладағы бірқатар нысандарда болып, жұмыс барысын бақылады. Ең алдымен, “Шымкент Сити” шағынауданындағы жол құрылысын, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Изенді көшесіндегі күрделі жөндеу жұмысын, сондай-ақ Жандосов көшесінің Сасбуқаев пен Адырбеков көшесі аралығында атқарылып жатқан жұмыстарын тексерді. Әңгіме барысында мердігер мекеме өкілдеріне жөндеу жұмыстарын қатаң құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Барлық бағыттағы жұмысты жеделдетуді және жөндеу жұмыстары жол қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Автомобиль кептелісін азайту мақсатында, транспорт және автомобиль жолдары басқармасының басшысына Изенді көшесін Төлеметов көшесіне дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды жүктеді. Сонымен қатар, жол құрылысы саласын цифрландыру барысымен танысып, жылжымалы жол зертханасының жұмысын көрді. Қазіргі таңда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалада автомобиль жолдарын кешенді тексеру, техникалық есепке алу, температура мен ылғалдылық мониторингін жүргізу арқылы жолды басқару жүйесін жетілдіру және сапасын арттыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жаңа зерттеу түрі жол мен нысандардың техникалық жай-күйін талдауға, олардың паспорттауын жүргізуге және электронды жол базасына енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, “Жаңаталап” шағынауданындағы жаңа көпір құрылысы мен Бадам өзенінің жағасын бекіту жұмыстарының да барысын пысықтады. Әрі қарай Абай атындағы саябақ, “Аналар аллеясы”, Рысқұлбеков, Мәделі қожа, Жандосов, Шаяхметов, Ерімбетов және Жәнібеков көшелеріндегі жаяу жүргінші жолының, көше жарығының жай-күйін және тазалығын тексерді.