САЛАЛАРДАҒЫ ЖҰМЫС БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

21
0

Бүгінде әлемдік өркениетке қол созған Қазақстанның өзіндік жетістіктері бар. Әсіресе, соңғы жылдар ішінде экономиканы әртараптандыруға, саяси өмірде реформалар жасап, құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысын жетілдіруге айрықша мән берілді. Осының арқасында елімізге келетін қаржы көбейді. Инвесторларға жайлы жағдай жасаудың арқасында көптеген кәсіпорындар іске қосылды. Осының арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Салаларды цифрландыру да қарқын алған. Бұл бастама түрлі саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Сонымен қатар ашықтықты қамтамасыз етеді. Нәтижесінде ел азаматтарына теңдей мүмкіндік беріледі. Бұл кәсіпкерлерге, қарапайым ел азаматтарына мемлекеттік қызметтерді тең құқық негізінде алуға ықпал етеді. Осы орайда, өңірлерді дамытуда цифрлық жүйені кең қолданысқа енгізу қолға алынып, сәтті жүзеге асып келеді. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында кеңірек ақпарат бермекпіз.

Қалың оқырманның жадында болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі Жолдаулары мен мақалаларында аймақтарды дамытуға басымдық беріліп отырғанын мәлімдеген болатын. Бір сөзінде «Қазір Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуал  мүлде басқа. Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де  бөлек. Мемлекетіміздің өркендеуі  аймақтардың қуатты болуына  тікелей байланысты. Мен  бұл мәселеге  2019 жылғы Жолдауымда  кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным  әрдайым  өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы  өте маңызды. Бұған дейін Шымкент  республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы  Түркістан қаласына көшірілді. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та, дұрыс қадам болды. Оны  халық  өте жылы қабылдады. Мен  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім. Содан бері  азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті. Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді» дей келе, өңірлердің дамуы маңызды екеніне тоқталған болатын. Бұл тұрғыдан келгенде, үшінші мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте Цифрландыру, Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия, Орта сапасы және бақылау басқармаларының 8 айда атқарған жұмыстары талқыланды. Цифрландыру басқармасының басшысы М.Кемелов қала аумағындағы ұялы байланыс пен оптикалық интернет сапасын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Ұялы байланыс жылдамдығы төмен 147 нүкте анықталған. Нәтижесінде байланыс сапасы төмен 35 нүктеге базалық станция орнату жұмыстары жоспарланып, 33 нүктеде базалық станция қолданысқа енгізілді. «Kcell» АҚ өз жоспарына сәйкес, 133 базалық станцияны 5G технологиясымен, 116 базалық станцияға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қоса, коммерциялық нысан иелерімен келісім арқылы 47 базалық станция іске қосылды. Қала әкімі сала басшысына жыл соңына дейін ұялы байланыс пен оптикалық интернет сапасын арттыруда және компаниялар жұмысын үйлестіруде нақты тапсырма берді. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы М.Керімжанов аталған кезеңдегі жұмыстарды қорытты. Қала әкімі  заңсыз салынған құрылыс нысандары бойынша тиісті шешімдер қабылдауды ескертті. Жылу маусымының қарсаңында тұрғын үйлердегі газ жабдықтарының қауіпсіздігін қамтуда шараларды күшейтіп, салғырттық танытқан жеке компанияларға заң аясында шара қолдануды  тапсырды. Сонымен қатар газ техникалық инспекциясының  жұмысын жүйелеп, жауапкершілігін арттыру міндеттелді. Сондай-ақ аппарат отырысында Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының жұмыстары да талқыланды. Қала әкімі жауаптыларға туризмді дамытуда жаңадан іске қосылған қонақүйлердің, тамақтану орындарының да жұмысын үйлестіруде бірқатар тапсырма берілді. Мегаполис басшысы аудан әкімдерінің жұмысын сынға алып, елдімекендердегі мәселелерді шұғыл, сапалы шешуде ұсыныстарын жеткізді. Әріптестерін қалаға жанашырлық таныта отырып, халыққа оңтайлы жағдай жасауға шақырды.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен бұған дейінгі аппараттық мәжілісте бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Жиында қала аумағындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жылумен қамту шаралары мен осы бағыттағы мәселелердің шешімі қарастырылды. Сонымен қатар, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және жыл соңына дейін пәтер сатып алу жұмыстары пысықталды. Тоқтап тұрған құрылыс нысандары бойынша қабылданып жатқан шаралар да аппарат мәжілісінің күн тәртібінде қаралды. Айта кетейік, биыл қала аумағында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында мемлекеттік бюджет есебінен 100 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Биылдан өтпелі 64 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын келесі жылы жалғастырып, пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Жалпы, биыл қалада жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 405 пәтер сатып алуға қаржы қарастырылған. Осыған дейін жастарға 554, халықтың әлеуметтік осал топтарына 363 пәтер сатып алынған. Қалған 458-і жыл соңына дейін сатып алынады. Қала аумағында соғылған ғимараттарды зерделеу барысында құрылысы толық аяқталмай, тоқтап тұрған 10 нысан анықталды. Олар қала көркіне кері әсер етіп қана қоймай, тұрғындарға да қауіп төндіруде. Қазіргі таңда барлық ғимараттың меншік иелері анықталды. Тиісті басқармалар тарапынан нысандардың аумағын қоршау, құрылысты бұзу немесе әрі қарай пайдалану бойынша келіссөздер жүргізіледі. Қала басшысы жауаптыларға тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстарын жандандырып, халықтың қауіпсіздігін алдын алуда кешенді шараларды шұғыл түрде қолға алуды тапсырды.