«ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖҰМЫС КӨП, АЛДАҒЫ БАСТАМАЛАРДЫҢ ДА АУҚЫМЫ КЕҢ»

Биылғы 2 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Бұл жолғы маңызды құжат «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбын арқау етті. Жолдау жүктейтін міндеттер еліміздің алдағы уақыттағы даму бағытын бағдарлайды. Ендеше ел Президентінің Жолдауында қандай бағыттарға басымдық берілді? Не айтты? Мақсат қандай? Осы орайда, бірқатар белсенді азаматтардан маңызды құжаттағы негізгі мәселелер турасында сұраған едік. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Орынбай Рахманбердиев, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

«Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жария етті. Заң мен тәртіпті, экономикалық өсім мен қоғамдық оптимизмді арқау еткен саяси құжатта қоғам бірлігі әрқашан алдыңғы орында тұратыны айрықша айтылды.  Президент «Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ, бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі» деді.

Қалың қазақстандықтардың жағдайын жақсартуды көздеген Жолдауда әлеуметтің әлеуетін арттырудың басымдықтары көрсетіліп, орындалу мерзімдері межеленген. Басты бағыттар барынша ашылып, айқындалған. Билік институттарына ауқымды міндет жүктеп, сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанын жеткізді. Атап айтқанда, тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – маңызды мемлекеттік міндет екенін баса айтты. Әділетті Қазақстанды құру және оны болашаққа аманат ету – баршаға артылған аса жауапты іс екені айтылған саяси құжатта қабылданған заңдардың орындалуы мен ортақ тәртіптке бас иіу арқылы қоғамда әр адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілетіні айтылды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Жолдау – орындалуымен құнды. Енді ел Үкіметінен бастап, бүкіл билік тармақтары саяси құжатта айтылған тапсырмаларды тиянақты әрі сапалы іске асыруды қолға алуы қажет. Ал өз кезегінде азаматтық қоғам белсенділері тапсырмалардың дер кезінде нәтижелі іске асуына қоғамдық бақылау орнатқаны жөн».

Талғат Балтабаев, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары:

«Құрғақ сөздің емес, нақты істің адамы ретінде  халық Президенттен жақсы хабар, тың бастама күтті. Және сол үміт ақталды деп айта аламын. Қоғамда «Президент барлық мәселені шешеді» деген түсінік бар. Бұл қате. Барлық істің бастауында мемлекет басшысы тұратыны анық. Бірақ көтерген мәселе, алға қойған мақсат міндеттердің жүзеге асуы сіз бен бізге яғни, қоғамға тікелей байланысты. Ендігі кезекте Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды орындауда бізге бір үйдің баласындай қатар тұрып қызмет ету міндеті тұр. Бірақ біз осы жетістікті қанағат тұтып, келесі мәселені жылы жауып қоя алмаймыз. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастар, өскелең ұрпақ арасында синтетиткалық есірткіге тәуелділік пен ерте жүктілік проблемасын түпкілікті шешу. Мемлекет басшысының «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады»,- деп шегелеу арқылы, бүгінгі күннің басты  тақырыбын дөп басты. Мәслихат депутаты ретінде мен бұл мәселені талай мінберде бірнеше рет көтеріп, кейбір жағдайларда құқық қорғау органдары сылбыр қимылдап, селқос танытып жатқанын ашып айтып келемін. Президенттің құқық қорғау органдары басшыларына қарата айтылған бұл ескертуі  осы бағыттағы жұмыстарды ширатып, көптеген мәселенің шешімін табуға ықпал етеді деп білемін. Себебі бұл мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің әлеуетін күшейтуде маңызды мәнге ие. Бұл жолғы Жолдауда аймақтарда болып жатқан проблемалардың барлығы көтеріліп, оны шешудің нақты жолдары айтылды. Мәселен, мемлекет басшысы «…Біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр»,-дей келе, дегенмен де мұндай әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажеттігін баса айтты. Тәртіп бар жерде, тиянақтылық бар. Дегенмен де біз қауіпті алдын алуды тек мемлекетке артып қоймай, әрбіріміз оған өзіндік қолтаңба қалдыруымыз керек. Президент айтқандай жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлт қалыптастыруда әрбір ата-ананың, мектептегі ұстаздардың рөлі  зор екенін терең түсінуіміз керек».

Ұмсынай Артықова, педагог:

«Мемлекет басшысы сөзін өткен сессияда жүзеге асқан жұмыстарға баға беруден бастады. Қарап отырсақ, бұған дейінгі сессия барысында 102 заң жобасы қаралып, қабылданыпты. Өткенге аз-кем шегініс жасасақ, қоғамда кеңінен талқыланған түйткілдердің шешімін табуға ықпал ететін бірқатар заңдар дайындалды. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам саудасы, лудомания сынды қоғамның өзегінде қайнап жатқан мәселелердің алдын алудан бастап, ғылым мен технологияны ілгерілету, жылу энергетикасын дамыту сынды басым бағыттарды заң жүзінде белгілейтін маңызды құжаттар бар. Қуантарлығы сол, өткен сессия барысында депутаттар бұқараның бел ортасында жүрді. Әлеуметтің өзегінде қайнап жатқан жайттармен жақыннан танысты. Танысып қана қойған жоқ, тиісті деңгейде іс-шаралардың қолға алынуына мұрындық болды. Мұның өзі ел Президенті бастамашы болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиісті деңгейде жұмыс атқарып келе жатқанын айғақтаса керек. Жасыратыны жоқ, соңғы бірнеше жылда билік тармақтарының жұмысы түбегейлі өзгеріске бет алды. Қоғамның сан түрлі саласында ірі серпіліс болып жатыр. Ел имиджі де әлемдік деңгейде жақсара түсті. Қазақстанға бірқатар әлемнің алпауыттары ат басын бұрды. Мұның өзі көпвекторлы саясат ұстанып отырған елдің жаһандағы абыройы мен беделінің биіктеп келе жатқанын көрсетеді деген ойдамыз. Бір сөзбен айтқанда, өткеннің еншісіндегі істердің жөні де, маңызы да зор…

Ел Президенті бұл жолғы Жолдауында бірнеше бағытты атап көрсетті. Әрбір бағытты атай отырып, елдегі өзекті мәселелерді де тілге тиек етті. Соның бірі – қаржыны тиімді пайдалану. Жасыратыны жоқ, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихын қарайтын болсақ, қыруар ақшаның өзін ақтамайтын жобалар мен бастамаларға жаратылғанына көзіміз анық жетеді. Елдің экономикасына пайдасы болмағанымен, халықаралық деңгейде іс-шара өткізумен әлек болған сәттеріміз де аз емес. Енді мұндай дүниелерге жол берілмейді. Өйткені қазіргі жаһандық жағдай көрпеге қарай көсілу керегін анық дәлелдеді. Қаржыны тиімді басқара алмасақ, болашақтың қамы үшін жинап отырған Ұлттық қор ортайып, тіпті жуық арада түбі көрінуі мүмкін. Сондықтан мемлекет басшысы атап көрсеткен үнемдеу мен қаржыны тиімді басқарудың қазіргі Үкіметке маңызы айрықша. Мемлекет басшысы жоғарыда біз сөз еткен Ұлттық қордың маңызы мен міндетін де шенділердің есіне тағы бір рет салды. Нақтырағы «Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталайын. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда инвестиция тарту ісі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде жаһан елдері, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері шеттен келетін әрбір тиын үшін бәсекеге түсіп жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің жетістігі жаман емес. Өткен жылдар ішінде ауқымды қаржы Қазақстан экономикасын құйылды. Тіпті, әлемдік алпауыттардың өзі елімізге қызығушылық танытып отыр. Осының өзі ауқымды жұмыстар атқарылғанын айғақтайды. Ендеше ел Үкіметінің қазіргі уақыттағы ең басты шарасы – тартылатын инвестиция көлемін азайтып алмау. Жасыратыны жоқ, бүгінде Қазақстанның инвесторларға ұсынатын салалары жетерлік. Елімізде мұнай-химия, машина жасау, энергетика, туризм, аграрлық салалардың болашағы жарқын. Мұны елеп, ескеріп, қаржы құйып жатқандар да аз емес. Осы тұста айта кетерлігі, ел Президенті тәуелсіздік жылдары ішінде түрлі тәсілмен пайдаға кенеліп, қаржыны шетке тасыған азаматтардың әрекетін де сынға алды. Өз сөзінде «Тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ, кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас Прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады» деді мемлекет басшысы. Мұның өзі айыбын жасыру қамымен түрлі әрекетке барып жатқан бизнес саласының өкілдеріне берілген сигнал болды десек, артық айтпаған болар едік. Соңғы уақытта болған сот процестерінен хабары барлардың енді іске көшетіні айқын».

Бауыржан Балабиев, кәсіпкер:

«Маңызды құжатта отандық өнеркәсіпті дамыту мен энергетика мәселелері де көтерілді. Бұл екі бағыттың өзі қоғамда кеңінен талқыланған тақырыптардың бірі десек, артық айтпаған болар едік. Түрлі пікірталастарға себеп болып келген коммуналдық тариф пен машина құрастыру саласын импорттан қорғау шаралары алдағы уақытта ашық та айқын талданып, әлеуметке түсіндіріледі деген сенімдеміз. Өйткені мемлекет басшысының өзі әлемдегі һәм елдегі жағдайды саралай келе, қысылтаяң сәттен шығудың амалы қарастырылып жатқанын аңғартты. Бүгінде ұзақ мерзімдегі мәселелерді көздеп, қолға алынып жатқан бастамалардың мәні мен маңызын жұртшылық жіті біле бермейді. Осындайда билік тармақтары ашық та айқын ақпарат беруі тиіс. Мұны ел Президенті емеурінмен жеткізген де тәрізді.  Жолдауда сөз болған тағы бір басым бағыт – кадр даярлау ісі. Бұл талайдан бері қоғамның ойында жүрген мәселе болатын. Бүгінде мектеп түлектері еңбек нарығымен санаса бермейді. Ал оның артында үлкен өкініш жатыр. Бұдан мемлекет те ұтылады. Өйткені кей салаларда басшылық қызметтерді атқаратын, зерттеу жұмыстарын жүргізетін білікті де тәжірибелі мамандар қат. Сондықтан шеттен жұмыс күшін тартуға мәжбүрміз. Қала берді, техникалық мамандықтардың маңызын ашып көрсету, еңбек нарығындағы сұраныспен санасуға үндеу бойынша кешенді шаралар қолға алынбай отыр. Мемлекет басшысының бұл саланы сөз етіп, нақты тапсырмалар беруі жұмысты жеделдетеді деген ойдамыз. Биылғы Жолдауда ұлттың саулығын жақсарту, экологияны реттеу, мемлекеттік басқару ісін ілгерілету, тәртіп пен заңды орнату сияқты өзекті түйткілдер де сөз болды. Тиісті тапсырмалар да жүктелді. Бір сөзбен айтқанда, бұқараның біраздан бері көтеріп, талқылап, күткен дүниелері маңызды құжатта көрініс тапты десек, артық айтпаған болар едік. Осы тұста айта кетерлігі, Жолдау жүктеген міндеттерді атқару үшін қоғамның бірлігі қажет. Бұқара мен билік етене жұмыс істегенде ғана елдің келешегі кемел болады».