ШЫМКЕНТТЕ МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫПТЫ АРҚАУ ЕТКЕН ФОРУМ ӨТТІ
Елдің өркендеуі шағын және орта кәсіпкерлікке тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Оның ішінде инвестиция тарту жұмыстары қарқын алған. Өткен жылы Қазақстанға ауқымды қаржы тартылды. Осының арқасында кәсіпкерлік сала қарқын алып, даму көрсеткіші артты. Бүгінде жергілікті әкімдіктер тарапынан инвесторларға жайлы жағдай жасау бойынша ауқымды бастамалар көтеріліп жатыр. Осының арқасында жалпы ішкі өнім өсіп отыр. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта шағын кәсіпкерліктің ілгерілеуіне әйелдер қауымы ауқымды үлес қосып жатыр. Олардың белсенділігін арттыру шаралары да кенже қалған емес. Қазіргі таңда кәсіп бастаймын деушілерге арналған бірқатар мемлекеттің бағдарламалар бар. Оны дер кезінде пайдаланып, табысқа жеткендер де аз емес. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатуды жөн санап отырмыз…
Жуырда Шымкентте Орталық Азияның кәсіпкер әйелдеріне арналған форум өтті, онда «TalpynUp 3.0» халықаралық тәлімгерлік бағдарламасының түлектері де қатысты. Бұл форум қалада алғаш рет ұйымдастырылып отыр, бұған дейін Алматы мен Астана қалаларында өткен болатын. Форумның негізгі мақсаты – әйелдердің кәсіптік сауаттылығын арттыру және қолдау көрсету. USAID Стратегиялық Жоспарлау Кеңсесінің директорының орынбасары Джули Пековски форумда кәсіпкер әйелдерге арналған бағдарламалардың маңыздылығын атап өтті. Халықаралық сарапшылар ғылым мен білім саласындағы жаңашылдықтарды талқылады. Әлия Оспанова ESG-стратегиясының гендерлік теңдік пен бизнестегі тұрақты өсу үшін қажеттілігіне назар аударды. Форум аясында «TalpynUp 3.0» бағдарламасын сәтті аяқтаған түлектерге сертификаттар табыс етілді. 200-ден астам әйел 6 ай ішінде оқудан өтіп, бизнес саласында жетістіктерге жетті. Бұл жоба USAID-тің қолдауымен жүзеге асырылуда, кәсіпкер әйелдерге тәлімгерлік және дағдыларды дамыту арқылы көмек көрсетеді. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн» деп атап өткен болатын. Осы орайда, мемлекетімізде әйелдердің белсенділігін арттыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр. Мұның нәтижесі де жоқ емес.
Жүзеге асқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. Елімізде, қоғамның барлық салаларында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мақсатында жоғары мемлекеттік деңгейдегі гендерлік саясат институты – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, жұмыс атқаруда. Тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттік гендерлік саясаттың мақсаты – қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тепе-тең құқықтарға, пайдаға, міндеттер мен мүмкіндіктерге қол жеткізуі, жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін еңсеру болып табылады. Барлық азаматтардың еліміздің саяси өміріне тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету – мемлекетімізде демократия мен еркіндіктің, азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Осы орайда, әйелдердің озық, білімді, бәсекеге қабілетті болуы, мемлекеттің саяси өміріне және мемлекеттік аппараттың жұмысына белсенді араласуы, қай салада болмасын шешім қабылдауға ат салысуы маңызды. Бұл – заман талабы.