БҰҚАРА КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНДІ
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – демократиялық принциптерге негізделген бірегей бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған аталған тұжырымдама аясында бүгінде көптеген тың да ауқымды жобалар сәтті жүзеге асып келе жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Әсіресе, соңғы жылдары қала әкімі Ғабит Сыздықбеков орынбасарлары және басқарма басшыларымен бірге қоғамдық қабылдаулар өткізіп келеді. Бұл ғана емес, шаһар басшысы бастаған әкімдік қызметкерлері өңір-өңірге барып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауда. Халықпен жиындар өткізіп, мәселелеріне құлақ асуда.
Осы орайда, қала әкімі өткен аптада өткен халықпен есептік кездесулердің нәтижелері бойынша бірнеше нысанды аралады. Кездесулер барысында тұрғындар «Күншығыс» шағынауданында автотұрақ салуды сұраған болатын. Әкім аталған аумақты қарап, аудан әкімдігіне заң аясында автотұрақ салу мүмкіндігін зерттеуді тапсырды. Әрі қарай, Еңбекші ауданындағы «Дария – Медикус» медициналық орталығына барды. Мұнда ол медициналық кабинеттерді қарап, қажетті құрал-жабдықтардың қамтамасыз етілуін тексеріп, дәрігерлермен қызмет сапасын талқылады. «Оңтүстік-Жаңақұрылыс» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесуде инфрақұрылым жүргізу және уақытша жол салу мәселелері қаралды. Азаматтардың өтініші бойынша, көлік басқармасы балаларды мектепке тасымалдау үшін қоғамдық көліктің тиімді кестесін әзірлеуді міндеттеді. Көшпелі кездесулер барысында Безделев көшесінің тұрғындары да өз проблемаларын көтерді. Олар мол жауын-шашын кезінде үйлерінің су астында қалатынын мәлімдеді. Бұрын арық жүйесі болған жерде жаңа құрылыстардың пайда болуы дренаж жүйесінің жұмысын нашарлатқан. Қала басшысы арықтар мен лотоктардың жағдайын қарап, жауапты тұлғаларға қосымша су ағызатын құбырлар төсеуді және орталық ирригациялық жүйеге қосу тапсырмасын берді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін осы аумақта жарықтандыру орнатылады. Әл-Фараби ауданында «Ескі қалашық» шағынауданы, Әйтеке би көшесі, «Қошқар-ата» өзенінің жағалауы және Қонаев даңғылының ағымдағы жағдайы да назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындар жарықтандырудың жоқтығына, кәсіпкерлік нысандардың тазалық талаптарын сақтамауына және қоқыстың уақытында шығарылмауына шағымданды. Тексеру барысында ескертулер жасалып, абаттандыру ережелерінің бұзылуымен күресті күшейту, бұзушыларға айыппұл салу, бейнебақылау камераларын орнату және өзен жағалауын тазарту жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды. Айта кету керек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті биліктің жұмысын жандандыруға қатысты пікірін айтқан болатын. Нақтырағы, өз сөзінде «Мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аудару керек. Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс» деген болатын. Бұл бағыттағы шаралар мен жұмыстар алдағы уақытта жандана түспек.