МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕДЕЛІН АДАЛ АЗАМАТТАР КӨТЕРЕДІ
Мемлекеттік қызмет – қоғам үшін маңызды сала. Өйткені елдің дамуы, қоғамның біте қайнасуы, тұрақтылық пен тыныштық, ынтымақ пен экономикалық өркендеу дәл осы мемлекеттік қызметшілердің желкесіне жүктеліп отыр. Қоғам алға жылжуы үшін әрбір мемлекеттік қызметте істейтін азамат жұмысына құрметпен қарап, ісін тыңғылықты атқаруы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, қазіргі уақытта елімізде мәселелер жеткілікті. Мәселен, бүгінде билік пен бұқараның арасын жақындата түсуге тиіс мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық түтйкілдерінің барын бұқаралық ақпарат құралдары жазып, айтып келеді. Оны түбірімен жоюға қанша тырысқанымызбен, шығар нақты нәтиже әзірге болмай отыр. Рас, заң тұрғысынан келгенде, ілкімді істер атқарылып-ақ келеді. Әйткенмен мұның баршасы біз күткен нәтижені бере алмай келеді. Десе де қоғам өзгеріп жатқанын ұмытпауымыз керек. Сол себепті де жастарға, яғни болашақта мемлекеттің тұтқасын ұстайтын өскелең ұрпаққа мұндай құқықбұзушылықтардың қылмыс екенін ұқтырып, адал қызмет етуге үндеуіміз шарт. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Соңғы уақытта облыс орталығында мұндай кеселді мәселенің алдын алуға бағытталған шаралар белсенді жүргізілді. Жуырда тағы бір осындай өзекті тақырыпты арқау еткен кездесу өткен болатын. Бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында тарқата баяндағымыз келіп отыр.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Түркістан облысындағы жұмыс сапары аясында облыс активі, Өңірлік кадр резервінің мүшелері және белсенді жастарымен кездесулер өткізді. Өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен өткен жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы мемлекеттік аппаратты адамға бағдарланған және сервистік сипатта қалыптастыру, бюрократиядан арылту, сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша атқарылып жатқан шаралар жайлы баяндады. Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызметтің гибридтік моделіне көшу, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру және адам ресурстарын басқаруды цифрландыруға қатысты жоспарлармен бөлісті. Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы «Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деген пікірінің мемлекеттік қызметшілер үшін маңызды екендігіне назар аударды. Іссапар барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушыларымен еркін форматта кездесу өткізіп, оларға жоғары оқу орындарының үздік түлектерін аудандық және ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурссыз тағайындау мүмкіндігі беріліп отырғандығын және «eQyzmet» жүйесінде мемлекеттік қызметке онлайн форматта іріктеудің қолжетімділігі мен тиімділігі жайлы айтты. Ол мемлекеттік қызмет мамандық таңдамайтынын, онда түрлі маман өкілдері қызмет атқара алатынын атап өтіп, болашақта мемлекеттік қызметке келемін деген жастар үшін басты мақсат – жеке бастың мүддесі емес, ел игілігі үшін қызмет ету болуы керек екендігін ескертті. Жастар мемлекеттік қызметке кіруді барынша ашық ету бойынша енгізілген жаңашылдықтарға қызығушылық танытып, Агенттік басшысына өз сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. Дархан Жазықбай аймақтардағы талантты жастарды қолдау және оларды мемлекеттік басқару ісіне тарту мақсатында Президент бастамасымен жүзеге асырылған Өңірлік кадр резервіне Түркістан облысы бойынша биыл алғаш іріктелген жастармен кездесті. Агенттік төрағасы резервшілерге үлкен жауапкершілік артылатынын айтып, оларды елге адал қызмет етуге шақырды. Жұмыс сапары аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Түркістан қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Ол мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы, қызмет алудағы азаматтарды құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы Агенттіктің басты назарында екендігін айтты. Айта кету керек, Түркістан облысында 2024 жылдың 1 жарты жылдығында 12,5 млн. қызмет көрсетілсе, оның 98 пайызы электронды нысанда ұсынылған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысына қойылатын талаптар және Агенттіктің мемлекеттік қызметті дамыту жоспарлары жайлы «Turkistan» телеарнасына арнайы сұхбат берді.
Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күрес бағыты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты бақылауында десек, артық айтпаған болар едік. Бұған дейін ел Президенті «Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуге тиіс.Талап қатаң болады. Былтырғы жиында біз нақты іс-қимыл жоспарын айқындадық. Бүгінде бірқатар мақсатты жүзеге асырдық. Қазақстан беделді халықаралық ГРЕКО ұйымына, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болды. Нормативтік актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу институтының жұмысы жаңғырды. Қол астындағылардың жемқорлық әрекеттері үшін басшыларын қызметінен босату қағидаты енгізілді. Мемлекетіміздің осы бағытта қолға алған шараларын белгілі халықаралық агенттіктер атап өтуде. Дегенмен, біз бұған тоқмейілсіп отыра бермеуіміз керек. Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай күресу, бұл – жел диірменмен алысумен тең. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр» деп атап өткен болатын. Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұрындыратын әрекеттерді заңмен тию мақсатында бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағындағы әдеп жөніндегі уәкілдер аталған бағыттағы негізгі жаңашылдықтарды мемлекеттік қызметшілерге кеңінен түсіндіріп, сауалдарына жауап беріп келеді.