АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫН БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР

246
0

Биыл қыркүйек айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті жолдауын жариялады. Міне, осы маңызды құжатты таныстыру барысында ел Президенті «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн» деп атап өткен болатын. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласының әлеуеті айрықша жоғары. Өйткені қала батыс пен шығыстың, оңтүстік пен солтүстіктің түйіскен тұсында жатыр. Сәйкесінше, логистиканың әлеуеті жақсы.

Сондықтан да үшінші мегаполисте көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп отыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты кеңінен тарқатып көрмекпіз. Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3897 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта қалада Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші, үшінші және төртінші кезеңдер аяқталып, пайдалануға берілді, ал екінші және бесінші, алтыншы кезеңдердің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Өтегенов көшесінің жалғасын салу жұмыстары да аяқталып, жақын арада автокөлік қозғалысына ашылады. Қала әкімі А-2 айналма жолын қайта құру барысын ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар сегіз кезеңнен тұрады. Оның ішінде бірінші, екінші және үшінші, төртінші кезеңдері аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл сегізінші кезеңін аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда. Ал бесінші, алтыншы және жетінші кезеңдер келесі жылы жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, Байдібек би даңғылындағы жол қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту мақсатында биыл Алтынсарин көшесін қайта құру және Сареми, Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа қоныс, Изенді көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен жолдың құрылыс сапасын бақылау және жақсарту мақсатында Шымкент қаласының автомобиль жолдарын кешенді тексеру және техникалық есепке алу, жол мәліметтерінің электронды базасын құру және жолды бақылау жүйесін енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жаңа зерттеу түрі қала жолдары мен нысандарының техникалық жағдайын талдауға, оларды паспортизациялау мен диагностикадан өткізуге, әрі бұл мәліметтерді жол деректерінің электрондық базасына енгізуге мүмкіндік береді. Автомобиль жолдарын паспортизациялау жол құрылыстарының ұзындығы мен техникалық сипаттамалары, инженерлік жабдықтар мен жол жағдайы туралы объективті мәліметтер алу мақсатында жүргізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтың төрағалығымен өткен мекемеаралық мәжілісте жыл басынан бері тіркелген жол-көлік оқиғаларының жай-күйі талқыланды. Құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары және аудан әкімдері қатысқан отырыста жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған кешенді шаралар пысықталды. Бүгінде қаламызда жол-көлік оқиғаларының өсуі байқалуда, бұл жағдайлар әсіресе жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру қажеттігін көрсетіп отыр. «Жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерлерден өтуін алдын алу мақсатында көшелерде қосымша кедергілер, жол белгілері орнатылуы қажет. Сонымен қатар, барлық жаяу жүргіншілер өткелдері заманауи талаптарға сай болуы керек, проблемалы көшелерде бақылау камералары орнатылуы тиіс. Екі аптадан кейін тағы жиналамыз, тапсырмаларды орындамағандар қатаң жауапкершілікке тартылады. Бұл мәселе қатаң бақылауда» деді қала әкімінің орынбасары. Сонымен қатар Айдын Мейрамбекұлы көлік жүргізушілерінің мәдениетін арттыруда, осы бағыттағы шараларды жандандыруда жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.