НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІЛДІ

53
0

Нашақорлық – есірткіге немесе психотроптық затқа тәуелділіктен туындаған ауру. Есірткіні қолдану нәтижесінде психикалық және физикалық тәуелділік қалыптасады. Тәуелділіктің қалыптасу жылдамдығы және оның ауырлығы әртүрлі болуы мүмкін. Яғни жасына, қолдану жиілігіне, ағзаның ерекшеліктеріне әсер етеді. Психикалық тәуелділіктің жағдайы адамның есірткінің көмегімен ішкі тепе-теңдікке қол жеткізгісі келетіндігінде және есірткінің әсерін қайта-қайта сезінуге тырысатындығында көрінеді. Есірткіні сатумен айналысу – қылмыс. Есірткі заттарын қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Нашақорлық өте қорқынышты ауру. Себебі есірткіге әуес адам келесі дозаға ақша іздеп, ұрлыққа, алдауға баруы мүмкін. Осындай қысқа сәт үшін ол саналы түрде, өзін өмірдің барлық қуаныштарынан айырады. Есірткі сатушылар өз «тұтынушыларына», яғни жасөспірім немесе мектеп оқушыларының компаниясына «инеге отырғызу» үшін әдейі бірінші дозаны аз мөлшерде сатып немесе тегін беруі мүмкін. Тіпті есірткінің алғашқы дозасы өлімге әкелуі ықтимал. Сондықтан мұндай кеселді дүниенің алдын алу аса маңызды. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бүгінгі материалымызда аталған тақырып аясында үшінші мегаполисте өткен шара турасында тарқата баяндамақпыз…

Шымкент қаласының психикалық денсаулық орталығының дәрігер-наркологы Ербол Қойғабаров әскери полиция қызметінің офицерлерімен бірлесіп ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің жеке құрамымен профилактикалық бағыттағы кездесу өткізді. Кездесу барысында әскери қызметшілерге есірткіні қолданудың салдары және оларды таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы айтылды. Нашақорлықтың алдын алуға және жастарды заңсыз қызметке тартудан қорғау шараларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, әскери қызметшілерге есірткі құралдарын қолданғаны үшін, есірткінің адам денсаулығына әсері туралы, есірткі заттарын қолдану кезінде туындайтын проблемалар туралы қылмыстар мен есепте тұрған адамдар бойынша статистика жеткізілді. «Бұл профилактикалық іс-шараның маңызы зор, өйткені есірткі қолдану әскери қызметшілердің денсаулығы мен мінез-құлқына елеулі зардаптар әкелуі мүмкін. Әскери қызметшілерде тәртіп пен заңға құрмет қалыптастыру үшін осындай кездесулер өткізу жоспарлануда. Сондықтан әскери қызметшілер арасында осындай профилактикалық іс — шараларды өткізу өте маңызды», — деді бригаданың әскери полиция қызметінің аға офицері Ринат Оштаев. Кездесуге 150-ден астам әскери қызметші қатысты, олар есірткінің зияны және олардың таралуын болдырмау шаралары туралы құнды ақпарат алды. Жалпы қазіргі таңда жасөспірімдердің осы дертке көп ұшырасып жатқаны белгілі. Жасөспірімдік шақ алкогольді де, басқа да психоактивті заттарды, соның ішінде есірткіні де теріс пайдалану қаупін тудыратын бірқатар биологиялық және психологиялық ерекшеліктермен сипатталады. Есірткіге тәуелділікті емдеу қиын. Бұл жастағы балалар көңіл-күйі өзгермелі, өзін тәуелсіз сезінгісі келеді және әрқашан емге қарсы тұрады. Жасөспірімдерде психоактивті заттарды тұтыну кезінде мінез-құлық пен жағдайдың себепсіз өзгерістері байқалады. Жасөспірімдегі нашақорлықтың көріністері әртүрлі болуы мүмкін, ол есірткі заттарының түріне байланысты. Дегенмен ата-аналар баланың есірткі қабылдайтынын түсінетін жалпы белгілер бар. Біріншіден, оның мінез-құлқы өзгеріп, оқуға деген қызығушылығын жоғалтады. Сыныптастары мен достарынан алыстап, өтірік айта бастайды. Жаңа «достарымен» көп уақыт өткізіп, агрессивті, ашуланшақ болатыны анық. Ол ата-анасынан аулақ жүреді, ұзын жеңді киім киеді, ал үйден ақша мен құнды заттар жоғалып кетуі мүмкін. Өзгеріс тек мінезде емес, сыртқы түрде де пайда болады. Терісі бозғылт сұрға айналып, киімі мен шашы ұқыпсыз болып, аяқ-қолы ісінеді. Есірткінің жасөспірімнің денесіне әсері ересек адамға қарағанда бірнеше есе күшті. Ең алдымен, ми зардап шегеді. Уақыт өте келе интеллектуалды қабілетін жоғалтып, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Есірткіні үнемі қабылдау ағзаның созылмалы улануына себеп. Иммунитет төмендеп, өсу мен даму баяулайды, орталық жүйке жүйесінің жұмысы бұзылады. Сондықтан саулыққа салғырт қарамай, зиянды әрекеттен аулақ болған абзал. Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын» деген болатын. Осы орайда, мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде, еліміздің барлық аймағында нашақорлықтың алдын алу шаралары белсенді жүргізіліп келе жатыр. Жоғарыда атап өткен шара – осының айқын айғағы бола алады.