ҚАЗАҚСТАН — БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ МЕКЕНІ

108
0

Елімізде ондаған ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүреді. Тарихтың небір қиын кезеңінде түрлі себеппен елінен үдере көшіп, Қазақстанға қоныс аударған жандар бүгінде халқымызға алғысын айтып, қонақжайлығын сөз етуден шаршаған емес. Бертін келе, жұмыс бабымен келіп, тұрақтап қалғандардың қатары да қалың. Бүгінгі материалымызда сондай азаматтардың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Елімізде шетелден қоныс аударған этнос өкілдерінің бірі — Шымкент қалалық әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары А.Кальбиев. Ол 2003 жылы Әзірбайжаннан Шымкент қаласына қоныс аударған. Қазақ халқының қонақжайлығы мен сыйластық қарым-қатынасының әсерінен қаламызда тұрақтап қалғанын үлкен жетістікке санайды. Нақтырағы «20 жылдан астам уақыт Қазақстанда өмір сүріп келемін. Маған бұл елдегі өзге ұлт өкілдеріне деген жылы шырай мен достық көңіл ұнады. Қазір отбасыммен тұрамын. Кәсіппен айналысып жатырмын. Қазақстан билігіне және халқына айрықша алғысымды білдіремін. Болашақта балаларым да осы елде өмір сүріп, еңбегін сіңіре береді деп ойлаймын. Бұған қажет барлық жағдайлар елде жасалған» дейді. Жалпы Шымкент қаласының қонақжай қала екенін шеттен келген қонақтар жиі айтады. Сондықтан болар келген жандар жергілікті тұрғындармен тез тіл табысып, сіңісіп кетеді.

Айта кету керек, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 19 миллион 122 мың адам болса, оның ішінде ең көп үлесін қазақтар (69,03%) құрады. Сонымен қатар ел халқының ішіндегі орыстардың үлесі 18,47%, өзбектер 3,29%, ұйғырлар 1,5%, украиндар 1,06%, татарлар 1,06%, немістер 0,92%, түріктер 0,61%, корейлер 0,57%, әзірбайжандар 0,61%, дуңғандар 0,4%-ды құрайды. Беларусьтер 0,26%, тәжіктер 0,27%, күрдтер 0,25%, шешендер 0,18%, поляктар 0,15%, башқұрттар 0,09%, басқа ұлт өкілдері 1,04% болып отыр.