ШЫМКЕНТТЕ ЭВАКУАЦИЯЛАУ БОЙЫНША ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

51
0

Төтенше жағдай – адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлар, олар өндірістік апат, террористік акт, әскери операциялар немесе жер сілкінісі, сел жүру секілді табиғи апат салдарынан болуы мүмкін. Халықты осындай қауіптен сақтау үшін, Төтенше жағдайлар министрлігі және Азаматтық қорғаныс штабы сияқты қызметтер ұйымдастырылған. Қандай да бір қауіптілік төнген жағдайда арнайы қызмет орындарына хабар беріп, көмекке шақыру керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Үшінші мегаполисте тиісті сала мамандары тарапынан төтенше жағдайдың алдын алу мен осындай оқиға бола қалған жағдайда қалай әрекет ету керегі тұрғындарға кеңінен түсіндіріліп жатыр. Бұған дейін атқарылып жатқан жұмыстардың барысы турасында баяндаған едік. Енді жуырда тағы бір бастама ұйымдастырылды. Ендеше тарқатайық…

«Ерекше кезеңде» немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда қала тұрғындарын эвакуациялау іс-шаралары Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің үнемі бақылауында тұрады. Бүгін төтенше жағдайлар кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында эвакуациялық жинау және зардап шеккендерді қабылдау пунктінде практикалық жаттығу өтті. Жаттығудың негізгі мақсаты – төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды пысықтап, жауапты қызметтердің бірлескен әрекеттерін үйлестіру, сондай-ақ халықтың эвакуациялау рәсімдерін жаттықтыру. Қазіргі таңда, қалада 167 эвакуациялық-жинау және зардап шеккен халықты қабылдау пункттері ұйымдастырылған.  А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп -гимназияның базасында Қалалық эвакуациялау комиссиясының мүшелерімен бірге өткен іс-шараға Шымкент қаласы ТЖ департаментінің, қалалық 22 азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері және жақын орналасқан тұрғын үйлердің тұрғындары қатысты. Апатты жағдайда қауіпсіз аймаққа қалай бару керек екенін, онда мамандар арнайы жасақталған топтардың жұмысын тұрғындарға көмек көрсету арқылы тәжірибе жүзінде түсіндірілді. Сондай-ақ, жаттығу барысында эвакуациялық жинау пункті ұйымдастырылып, халықты қауіпсіз жерге шығару, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету және қабылдау пунктінде орналастыру бойынша іс-шаралар атқарылды. Жедел әрекет ету топтарының дайындық деңгейі, эвакуация процесінде түрлі жағдайларда тиімді шешім қабылдау қабілеттері тексерілді. Сонымен бірге Төтенше жағдайлар департаменті жаңа технологиялардың мүмкіндігін ескеріп, «2ГИС» халықаралық картографиялық компаниясының кең мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қаладағы 167 эвакуациялық жинау және зардап шеккен халықты қабылдау пункттерін «2ГИС» (карта) қосымшасына енгізді. Айта кету керек, 2024 жылғы 1 қазаннан бастап елімізде жылыту маусымы басталды. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін 4 өрттен топтық адам өлімі тіркеліп, 17 адам, оның ішінде 6 бала қайтыс болды. Атап айтқанда, 2024 жылғы 11 қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында 5 бала қайтыс болған қайғылы оқиға орын алды. Бұл отбасы әлеуметтік осал топтар тізімінде тұрған. Осы оқиғалардың алдын алу және тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында келесі шаралар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, әлеуметтік желілерде 138 ақпараттық материал, бұқаралық ақпарат құралдарында 34 жарияланым шықты. Қала аумағында 150 рет дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 3812 қатты отынмен жылытылатын тұрғын үй араланып, 7 мыңнан астам адамды қамтитын түсіндіру жұмыстары өткізілді. 1500 оқушыны қамтитын 42 интерактивті сабақ ұйымдастырылды. Әлеуметтік жағдайы төмен 2222 отбасыға үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 8714 адамға жадынама парақшалары таратылды. 334 отбасы қайта араланып, 89 үйге газанықтағыш құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ 80 үйдің түтін мұржалары тазартылған. Жеке кәсіпкерлермен және әкімдіктермен меморандум арқылы 125 газанықтағыш құрылғылар сатып алынған. 2024 жылы Шымкент қаласында жылыту маусымының басталуына байланысты «Өрт қауіпсіздігі айлығы» акциясы өткізілуде. Бұл шара аясында тұрғындарға өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Акция барысында әлеуметтік осал топтағы отбасылар, табиғи газға қосылмаған жатақханалар, және қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлер араланып, олардың қауіпсіздік жағдайы тексерілді.  Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жылыту маусымы кезінде өрт қауіп-қатерлерінен қорғану үшін келесі ұсыныстарды орындауды ұсынады. Жалпы Төтенше оқиғалардың ең көп кездесетін түрі — табиғи апаттар. Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайы кей мекен үшін қауіпті. Жер сілкінісі, цунами, дауыл немесе су тасқыны сияқты табиғи апаттарға бейім елдер бар.   Климаттың өзгеруі қатты дауыл немесе құрғақшылық сияқты төтенше ауа райы оқиғаларына әкелуі мүмкін. Келесі — техногендік апаттар.  Техникадағы ақаулар, өндірістік алаңдардағы, электр станцияларындағы, ядролық реакторлардағы немесе көліктердегі апаттар күрделі төтенше жағдайларды тудырады. Адам қателіктері де төтенше оқиғаларға алып келеді. Мәселен, инфрақұрылымды жобалау, салу немесе пайдаланудағы кемшіліктер, қоғамдық төтенше жағдайлар, әсіресе, террорлық шабуылдар мен зорлық-зомбылықтың басқа түрлері қоғамдық қауіпсіздік үшін ауыр зардаптары бар төтенше жағдайларды тудыруы мүмкін. Одан бөлек, азаматтық толқулар, демонстрациялар және әлеуметтік наразылықтың басқа түрлері бақылаудан шығып, үлкен қауіп төндіреді. Экологиялық факторлар да төтенше жағдайлардың болуының бір себебі. Өндірістік апаттар немесе рұқсатсыз орман кесу экологиялық дағдарыстарға әкелсе, табиғи ресурстардың тозуы, биоәртүрліліктің өзгеруі және басқа факторлар табиғи апаттар немесе өрттер сияқты төтенше жағдайларға ықпал етпей қоймайды. «Сақтықта қорлық жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Оқыс оқиғадан сақ болу үшін алдымен, қауіпсіздік ережесімен таныс болып, оны сақтау шарт. Арнайы мекеме, қызметтік орындар, тіпті үйіңізге де қауіпіздік ережесін әзірлеп, еңгізіп қойған дұрыс.  Өмірдің әртүрлі салаларындағы ықтимал қауіптер мен осалдықтарды бағалау, соның ішінде инфрақұрылым, мемлекеттік мекемелер, экологиялық жүйелер және тағы басқалары. Яғни, өткеннен сабақ алып, болашақта қайталамау керек. Халықты ақпараттандыру және оқыту аса маңызды. Ағартушылық науқандар мен қауіпсіздік жаттығуларын өткізу, азаматтарды төтенше жағдайларда аман қалу және әрекет ету негіздеріне үйрету арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуға болады. Хабардарлық пен коммуникацияны арттыру, инфрақұрылымды және технологияны дамыту басты назарға алыну керек. Дағдарыс жағдайында мониторинг, байланыс және ескерту жүйелерін жақсарту үшін заманауи технологиялар мен инфрақұрылымды қадағалау маңызды. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін халықаралық ынтымақтастықтың да рөлі орасан зор. Қауіпті оқиғаның алдын алу саласында тәжірибе, ақпарат және ресурстар алмасу үшін басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату қажет. Өзге елдерде болған оқыс оқиғалар мен мәселені шешудегі әрекетіне назар аудару арқылы қателікті қайталамаудың алдын алуға болады. Тұрақты аудит және бақылау жүйесі. Әлсіз жақтарды және проблемаларды анықтау және оларды уақытылы түзету үшін қауіпсіздік және төтенше жағдайларға дайындық жүйелеріне үнемі шолулар мен аудиттер жүргізу керек. Ең маңыздысы – мемлекеттік көмек. Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды қолдау, профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға бюджет қаражатын бөлу және төтенше жағдайлардың алдын алу және жою қызметтерін ресурстармен қамтамасыз ету керек. Бұл елімізде іске асырылып жатқан шаралардың бірі.  Төтенше жағдайлардың алдын алу жүйелі және кешенді көзқарасты, сондай-ақ қоғамның барлық деңгейлерінің: мемлекеттік органдардан бастап қарапайым азаматтардың белсенді қатысуын талап етеді. Сонда ғана келер қауіптен арыла аламыз.