«Әкімнің бірінші сыншысы — қарапайым халық»

318
0
НҰРБАҚЫТ  ИМАНҚҰЛОВ, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданының әкімі:
НҰРБАҚЫТ ИМАНҚҰЛОВ, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданының әкімі:

Жас болса да бас болып, Шымқаланың қақ ортасындағы Әл-Фараби ауданын біраз жылдан бері басқарып келе жатқан осы азамат туралы аудан тұрғындары әрдайым жылы сөздерін айтып жүреді. Халықтың көңілінен шығу да оңай шаруа емес. Десе де, оның біліктілігіне, іскерлігіне жұртшылық дән риза. Бізге де алғыс арқалаған аудан әкімімен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

― Еңбек жолыңызды қарапайым техник мамандығынан бастап, облысымыздың газ, су, жарық саласында маман, басшы болып қызмет атқарыпсыз. Бүгінде өзіңіз басқарып отырған Әл-Фараби ауданы осы салалар бойынша қандай табыстарға жетіп отыр?
― Ауданда атқарылған мақтанышпен айта алатын өткен жылғы табысымыз, «Сәуле» мөлтек ауданындағы ескірген, жекеменшік трансформаторлардың орнына облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей араласуымен, бюджеттен 276 миллион бөлініп, мемлекеттік жүйедегі трансформаторлар орнатылды. Олар өткен аптада халық игілігіне берілді. Ескі трансформатордың аты ескі, тұрғындарды жарықпен қамтамасыз етуде біраз қиындықтар туғызып келген. Жаңа трансформаторлар ендігі уақытта тәулік бойы жарықпен еш қиындық тудырмастан қамтамасыз етіп отыратын болады. Ал, су мәселесіне келетін болсақ, ауданда бұған дейін мәселе болмаған. Ол жағы бізде жолға қойылған, шағым жоқ. Газды жеткізу мәселесіне келсек, Бозарық елдімекені мен Сайрам ауданынан кері қайтарылған Тұрар елдімекеніне газ жеткізудің сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Биылғы жылы осы мәселені оңтайлы шеше алсақ, дұрыс болар еді.
― Елбасымыздың «Қазақстан-2050» жолдауы бойынша қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?
― Аудан көлемінде жоғары оқу орындары көп шоғырланған. Елбасымыздың өзі жастарға сенім артатындығын үнемі айтудай-ақ айтып келеді. Соған байланысты Елбасы жолдауының еліміздің жарқын болашағы үшін, Отанымыздың мерейін көтеруде маңыздылығын және жастарға артқан міндетін түсіндіру мақсатында студенттер арасында насихат жұмыстарын жүргізу шараларын ұйымдастырушы насихат топтарын құрдық. Олар жұмыстарын атқарып жатыр. Негізгі міндет – жастарды патриоттық сезімге баулу, отаншылдыққа тәрбиелеу.
Өткен жылы республикамыздың «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу иелігіне қол жеткізгені кез-келген Қазақстан азаматының мақтаныш сезімін туғызатыны анық. Бүгінгі жоғары оқу орындарында оқып жатқан мамандық иелері сол жылы оқуын тәмәмдап, маман иесі болып шығады. Және сол кездегі жас маман ретінде көрменің негізгі белсенді мүшесі де солар болады. Көзді ашып-жұмғанша 2017 жылға да жетіп қалармыз. Сол кезде ел мерейін асыратын кімдер? Әрине, ана тілін жетік білетін,өз ісінің іскер маманы, білікті, білімді жастарымыз. Сол жастарға Елбасы жолдауын жете түсіндіру біздің бүгінгі мақсаттарымыздың ең өзектісі. Елбасымыз біз өмір сүріп отырған XXI ғасырды «алтын ғасыр» деп тектен текке атап отырған жоқ.
― Жаңа мемлекеттік тіліміз, қазақ тілінің жастар үшін қажеттілігін айтып өттіңіз. Аудан әкімшілігінде іс-қағаздардың жүргізілу деңгейі қалай?
― Аудан әкімшілігінің іс-қағаздары мемлекетік тілде толықтай жүргізіліп отырғанын мен мақтанышпен жеткізе аламын. Елбасы жолдауындағы латын әліпбиіне көшу мәселесі менің ойымша уақыт талабынан туындаған десек, демек Елбасы саясатының дұрыс жолда екендігінің бір дәлелі. Осы орайда, шамамыз келгенше жастардың өз ана тілін, мемлекеттік тіліміз-қазақ тілін жетік меңгеруіне ықпал етіп, үлес қосу болып табылады. Біз бұдан әрі де жолдаудың бізге үлкен жауапкершілік жүктегенін сезіне отырып, уақытпен санаспай еңбек етуміз керек.
― Ауданда шешілмей жатқан қандай мәселелер бар?
― «Атын атап, түсін түстейтіндей» шешімін таппай жатқан мәселе жоқ. Дегенмен күнделікті тіршілікте азды-көпті шағын мәселелердің болып тұруы ол заңды құбылыс. Онсыз бола ма? Қандай мәселе болмасын, оны дер кезінде шешуге тырысамыз. Ал, жалпыға ортақ газ, су, жарық саласындағы күрделі мәселелер ретімен шешіліп келеді. Өткен жылдың жазында ауданға қарасты орталық көшелердегі жылу құбырлары жаңартылды. 20-30 жылдан бері жөндеу көрмеген ескі жылу құбырлары ауыстырылып, биылғы жылы тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуді оң жолға қойдық.
― Сіздіңше бүгінгі әкім қандай болуы керек?
― Ең бірінші әкім қай кезде болсын халыққа жақын болуы керек. Өйткені еңбегіңді бағалайтын, әр әрекетіңе сын айтатын да осы көпшілік, аудан тұрғындары. Әкімнің бірінші сыншысы — қарапайым халық. Мұны Елбасымыз талай рет ескертіп жүр. Халықтың көңілін тауып, алғысын алу үшін тынбай еңбек ету керек. Сондықтан, кеңседе отырғаннан гөрі, ел ішінде жиі жүремін. Мәселелерді шешуде тиісті орындармен байланысқа шығып, жоғары жаққа уақыт өткізбей мәселені жеткізіп, оның дер уақытында шешіліп, тұрғындарымыздың шағым-арызының қанағаттандырылуы үшін тиісті орыннан талап етуге тура келеді.
― Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
― Өмірлік ұстанымым – адал болу, іздену, білімді болу. Өйткені, отбасында ата-анам солай тәлім-тәрбие берген.
― Басшының қарбалас тірліктерден қолы босай бермейтіндігі белгілі. Десе де, алтын уақытыңызды «Уақыт» газетіне бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды жеткізе отырып, сұхбат соңын газетке деген тілек-лебізіңізбен аяқтасақ.
― «Уақыт» газеті уақыттан озып, таралымы бірнеше есе өсіп, елдің, оның ішінде қазақ оқырмандарының іздеп жүріп оқитын сүйікті басылымына айналсын. Газеттің ұжымына сәттілік, шығармашылық табыс тілеймін. Қадамдарың алымды, қаламдарың қарымды болсын!

Сұхбаттасқан: Жанар ДУРМАНОВА.