ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ –БОЛАШАҚТЫ ҚОРҒАУ

Қазіргі қоғам, оның ішінде қарыштап дамыған ақпараттық технология кез келген қалт басқан не психологиялық тұрғыдан сыр берген адам үшін өте қауіпті. Себебі, кей адамдардың азғындап, пейілі бұзылғаны соншалық, бөгде азаматтардың өмірден баз кешіп кетуіне оп-оңай әсер ете алады. Тіпті, өз өмірлеріне балта шабуға дейін жеткізетін жағдайлар жиілеп бара жатыр. Мәселен, бірер жыл бойы мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқан буллинг пен кибербуллингті алайық. Бұлар – адамдарды жағымсыз пікірлер және кемшілік, қателіктері арқылы жүзбе жүз немесе әлеуметтік желілер арқылы тұқырту әдістері. Кемсіту немесе айыбын жұрт алдында жария етемін деп қорқыту сынды әрекеттермен іске асырылатын мұндай қастандықтарға әсіресе жастар құрбан болып жатады. Ал, онымен күресу жолында ата-ана мен психологтардың атқаратын рөлі маңызды. Сондықтан қазір жастарды жан-жақты қолдауға арналған орталықтар бұл проблемаға бейжай қарай алмайды. Бұл тұрғыда Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімі қызметкерлерінің еңбегі ерен деп айтуға болады.

Орталық қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, аталған бөлімнің алғашқы мақсаты – жастар арасындағы өзекті мәселелерді анықтау және зерделеу жұмыстарын жүргізу. Екіншіден, дағдарысқа түскен жастарға психологиялық көмек көрсету, психологиялық көмекке мұқтаж жандарға консультативтік кеңес беріп, орталықта және аудан, қалаларда жеке қабылдау ұйымдастыру.

Сондай-ақ, арнайы тақырыптар бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізу, келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу бойынша семинар–тренингтер өткізу, 35 жасқа дейінгі жас отбасылармен жұмыс жүргізу, аудан, қалалардың психолог мамандарымен тәжірибе алмасу, ата-аналармен және аудан, қалалардағы «ыстық нүктелермен» жұмыс жүргізу де бөлімнің мақсаты болып саналады. Айнала аумалы-төкпелі күйге түсіп, қоғамда жантүршігерлік жағдайлар көбейген заманда бұл мәселелермен жеке-жеке арнайы айналысудың – құптарлық іс екені даусыз.
Осы орайда, Жастар ресурстық орталығының мамандары 2023 жылғы қаңтар-мамыр айлары аралығында өңірдегі 17 аудан, қала бойынша келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алып, дағдарысқа түскен жастар арасында психологиялық көмек көрсету және мәселенің туындамауын қамтамасыз ету мақсатында «Өмір – сен маған қымбатсың!», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Нашақорлық – шын қорлық», «Тәні саудың жаны сау», «Болашаққа бағыт бағдар» тақырыптарында 1563 психо-профилактикалық жұмыс жүргізіп, 62 150 жас қамтылған.

Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы Гүлнұр Бейсенқызы Қыпшақбаеваys4 айтуынша, қазір жастар арасында өмірді теріс бағытқа жетелейтін жолдар өте көп кездеседі.
— Қай уақыт болмасын, мемлекеттің өмірін өркендететін саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік, парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жастар арасында өзекті мәселелер мен өмірді теріс бағытқа апаратын түрлі жолдар өте көп кездеседі. Олардың қатарына психикалық проблемалар: суицид, ерте жүктілік пен жастар арасындағы қылмысты жатқызсақ болады. Сондықтан айтылған мәселелердің алдын-алу мақсатында «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімі «Өмір-сен маған қымбатсың!», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Нашақорлық шын қорлық», «Тәні саудың жаны сау», «Болашаққа бағыт-бағдар» тақырыптарында психо-профилактикалық жұмыстар жүргізіп, 14-35 жас аралығындағы жастарға психологиялық көмек көрсетіп келе жатыр, — дейді маман өз сөзінде.
Сондай-ақ, «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімі Сауран аудандық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ және Жетісай, Бәйдібек аудандарындағы жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен бірлесе отырып, оқушылар арасында «Мүмкіндіктер уақыты», «JASTARGA BAGYT» тақырыптарында 980 жасты қамтыған семинар-тренинг ұйымдастырып, мыңнан астам адамға үнпарақ таратқан екен. Сонымен қатар, Отырар, Келес және Бәйдібек аудандарында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудандар мен қалалардағы психологтардың біліктілігін арттыру мақсатында 125 маманның қатысуымен «Даналық ойдың қазынасы – жан ілімі», «Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы», «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыптарында семинар-тренинг өткізілген. Оған қоса, Түркістан облысындағы 14-35 жас аралығындағы жастар ортасында келеңсіз жағдайларды болдырмау «Мен және менің ортам» тақырыбында онлайн сауалнама жүргізіліп, 6 592 респондент қатысқан екен.
Бір маңыздысы – облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» 14-35 жас аралығындағы мүгедектігі бар жандармен жұмыс жүргізуді де ұмыт қалдырмайды. Тиісінше, осы мақсатта «Барлығымыз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!» тақырыбында жанға жігер беретін бейнематериалдар дайындалып, жастар арасында кеңінен таратылған. Одан бөлек, өңірде жүздеген жасты қамтитын «Мүмкіндіктер уақыты» тақырыбында мотивациялық кездесу ұйымдастырылып тұрады.
Қазіргі уақытта жас мұғалімдер мен шәкірттер арасындағы байланыстың әлсіреп, білім мен рухани-мәдени тәрбие беру үрдісі ақсап тұрғаны да жиі көрініс береді. Осыдан келіп, «жас ұстаз бен оқушы арасындағы байланысты қалай жақсартса болады?» деген шартты сұрақ туындап жатады. Осы ретте, облыстық жастар орталығы қарап отырмай, ұстаз бен оқушылар арасында жағымды қарым-қатынас орнату мақсатында жас ұстаздарға арналған «Мен және менің оқушым» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырған. 300-ден астам жас педагог қамтылған бұл бағыттағы іс-шаралардың ел болашағы үшін маңызды екеніз сөзсіз.
Сонымен қатар, сәуір айының соңынан бастап Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби, Сайрам және Түлкібас аудандарында «Жастар арасындағы агрессиялық іс-әрекеттер, зорлық-зомбылық пен бейәлеуметтік көріністердің алдын алу бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру, кибербуллинг пен қорлаудың алдын алу» бағытындағы жұмыстар қарқын алған. Іс-шаралар барысында мыңдаған жоғары сынып оқушыларымен буллинг, кибербуллинг пен жат қылықтардың алдын алу, жастардың ата-анамен қарым-қатынасы бойынша кездесу және түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, оқушылар арасында анонимді сауалдар алынған.
Тағы бір айта кетерлік дүние – «Махаббат эстафетасы» тақырыбымен 15 жас отбасының қатысуымен өткізілген байқау. Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған конкурс «15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне» арналған. Мақсаты – еліміздегі үлгілі отбасыларды анықтау, ұлттық салт-дәстүріміз бен отбасы құндылықтарын насихаттау, отаншыл әрі ізгі ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ету.
Одан бөлек, облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен 19 мамыр күні Қазығұрт аудандық жастар ресурстық орталығында облыс психологтары бас қосып, «Тәжірибелі психологтың бағыттары» атты көшпелі отырыста тәжірибе алмасты. Аталған жиынға 17 аудан, қаладағы «Жастар ресурстық орталықтарының» психолог мамандары, аудандағы білім беру мекемелері мен әлеуметтік сала бойынша психологтары қатысқан.
Ал, алдағы «26 маусым – нашақорлыққа қарсы күніне» орай, облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында «Есірткісіз жарқын болашақ!» атты акция бастау алмақ. 350-ден астам жас қатысады деп жоспарланған науқанның мақсаты – болашақта еліміздің тұтқасын ұстайтын жасөспірімдердің есірткіден бойларын аулақ ұстап, өз өмірлерін зиянды әдеттерден қорғауына ықпал ету.
Қорыта айтқанда, бүгінгі жаһандық үдерістер мен қатерлер жастардың психологиясын қорғап, қоғамнан өз орындарын табуына жағдай жасауға мәжбүр етеді. Олай істей алмасақ, болашағымыз жан дүниесі соққы жеген, айналасымен байланысы нашар азаматтардың қолында болуы ықтимал.