Президентті пайғамбарға теңегені несі?

304
0

Розақұл Халмұрадов туралы пікіріміз түзу еді. Ұлты өзбек болса да өз ағамызға балап, қазақ тілінің болашағына алаңдаулы көңіліне де, ниетіне де дән риза болатынбыз. Мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлеп, қазақша мәтелдеткен де шыны керек, екі сөздің басын құрап сөйлей алмайтын өз қандастарымыздың алдында біз ұялатынбыз.

Жақсы көретін осы ағамыз Парламенттің төменгі палатасына Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутат екені мәлім. Ел ішін аралап, Елбасы жолдауын халыққа түсіндіріп жүрген осы кісі ойламаған жерде ұятты болды. Шымкенттегі бір жиында: «Президент жолдауы пайғамбарымыздың хадисімен үндесіп жатыр» деп қойып қалды. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» демекші, Халмұрадовтың осы бір ойланбай айтқан сөзі «Отырар» телеарнасы арқылы мыңдаған адамның құлағына жетті. Жағымпаздықтың шегі болсайшы! Бір кездері халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың Президент алдында тізесін бүгіп, қолын сүйгені, «Халық қаһармандары», «Желтоқсан жалауы» қозғалыстары мен «Желтоқсан жаңғырығы» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің Астана қаласының атын Нұрсұлтан қоямыз деп алашапқын болғандары, бәрі-бәрі біртүрлі жиіркеніш сезімін тудырады екен. Шау тартқан шағында Халмұрадовтың да түсініксіз тірлігі — мынау. Халықтың алдында қасықтап жиған абыройдың бір сәтте төгілгені қандай жаман.

Р.ЖҰМАН.