ШЫМКЕНТТІҢ ЕҢ СӘНДІ АУЛАСЫНА 3 МЛН ТЕҢГЕ БЕРІЛЕДІ

127
0

Шымкентте «Менің гүлді аулам» атты гүлдер фестивалі өтеді. Бұл туралы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров баспасөз мәслихатында айтып өтті.

Шымкент қаласының әкімдігі аталған фестивальді келер жылдың сәуір айында өткізуді жоспарлаған. Ал, 1 қазаннан бастап конкурсқа өтінім беру басталып кеткен.

Менің гүлді аулам – бұл көпқабатты үй тұрғындарының өз аулаларын гүлдермен безендіруге арналған конкурс. Яғни, конкурсқа қатысушы тұрғындар ауланы көгалдандырып, гүлзарлар мен сәндік ағаштар егіп, оларды үнемі тазалап, бұталар мен ағаштарға уақытылы күтім жасап отыруы тиіс.

Одан өзге басты шарттардың бірі – гүлдердің 25%-ы қызғалдақ болуы қажет. Жалпы, қатысушы аула тұрғындары дизайнын әрлеуде креативті тәсілдер қолданып, фестивальдің тақырыбын ашу қажет. Жеңімпаздар қомақты қаржымен марапатталады. Атап айтқанда, 1 орын — 3 млн., 2 орын — 1 млн. және 3 орын — 500 мың теңге. Айта кетерлігі, жеңімпаздар әр ауданнан бөлек таңдалады. Яғни, Қаратау, Еңбекші, Абай, Әл-Фараби және Тұран аудандарынан үш жеңімпаздан болады. Өтінім беру – «visit-shymkent.kz» сайты арқылы жүреді.

Айта кетерлігі, өткен жылдарда Шымкентте «Қызғалдақ жолы» атты гүлдер фестивалі өткен. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы бұл жолы фестивальге өзгерістер енгізіп, конкурс түрінде өткізуді жоспарлаған. Сондай-ақ, ауланы көгалдандыру, көркейту жұмысын да тұрғындардың өз қалауларына тапсырған. Күзде басталған жұмыстардың нәтижесі келер жылдың сәуір айында белгілі болады. Арнайы құрылған қазылар алқасы тиісті баға беру арқылы жеңімпаздарды анықтайды. Айта кету керек, қаланың тазалығы — әрбір тұрғынға артылған басты жауапкерішілк. Сондықтан аталған шараға белсенділік танытып, қатысуға шақырамыз. Жайлы ортаны қалыптасырушы өзіміз екенін ұмытпасақ болғаны.