КЕҢЕС ОТЫРЫСТАРЫ ӨТКІЗІЛДІ

17
0

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіндегі педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес жұмысының жоспарына сәйкес, Бәйдібек, Сайрам аудандарында көшпелі Кеңес отырысы өткізілді.

Кеңеске аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары, әдеп кеңесінің мүшелері қатысты. Аудандық білім бөлімінің басшылары педагогикалық әдеп кеңесінің құрылуы, жүргізілуі жөнінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Кеңесте білім беру ұйымдарындағы әдеп кеңесінің жұмысын талапқа сай ұйымдастырып өткізу және жұмыс барысында кемшіліктер орын алып жатқандығына тоқталып, ұсыныстар берілді.

Түркістан облысының білім саласының «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Кеңес мүшесі Байғұт Нышан Тасболатұлы педагогтардың біліміне, әдебіне тікелей жауапты білім беру ұйымдарының басшылары екенін айта келіп, заңдарға, бұйрықтарға сәйкес жұмыс жүргізу жөнінде өз ұсынысын жеткізді.

Сонымен қатар, Кеңес мүшесі Шайдулла Жандос білім беру ұйымдарындағы әдеп кеңесі тиімді жұмыс істейтін болса, ұжымдағы ахуал дұрыс болатындығын атап өтті.

Кеңесте Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы қалай ұйымдастырылатыны туралы баяндама жасадым.

✅Білім беру ұйымдарындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес (бұдан әрі — Кеңес) білім беру ұйымдарында құрылатын және педагогтердің педагогикалық әдепті сақтауы мәселелерін қарайтын алқалы орган.
Кеңес педагогтердің педагогикалық әдепті сақтауы мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарастырады.

✅Кеңестің негізгі міндеттері:
— педагогикалық әдептің бұзылу мониторингі, профилактикасы және оның алдын алу;
— білім беру ұйымы ұжымының адамгершілік-психологиялық ахуалын жақсартуға, педагогикалық әдептің бұзылуына байланысты даулы жағдайларды реттеуге ықпал ету;
— педагогтердің жауапкершілігі туралы мәселені дұрыс қарау үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу;
— педагогикалық әдепті бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды қарау және олардың негізінде білім беру ұйымының басшысына ұсынымдар әзірлеу.

Кеңес өз құзыреті шегінде:
— өз отырыстарында педагогтер мен қаралатын мәселелерге қатысы бар тұлғаларды тыңдайды;
— білім беру ұйымының алдында тұрған міндеттерді орындау үшін қажетті құжаттарды, материалдарды және ақпаратты сұратады;
— педагогикалық әдепті бұзу фактілеріне тексеріс жүргізу туралы білім беру ұйымының басшысына ұсыныстар енгізеді;
— білім беру ұйымы басшысының қарауына педагогикалық әдепті бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ұсыныстар енгізеді;
— Кеңестің ұсынымдарын тиісті түрде қарастырмаған білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін қарау туралы ұсыныстармен құзыретті мемлекеттік органдарға немесе тиісті лауазымды тұлғаларға жүгінеді;
— тараптарды татуластыру бойынша жұмыс жүргізеді және т.б.

✅Кеңес қызметін ұйымдастыру

Кеңестің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды. Кеңес төрағадан, хатшыдан және Кеңестің басқа да мүшелерінен тұрады. Кеңес мүшелерінің саны тақ болуы және 7 адамнан кем болмауы тиіс (Кеңес хатшысын есептемегенде).

✅Кеңеске келесі тұлғалар кіреді:
— білім басқармаларының (бөлімдерінің) өкілдері, білім беру саласында қызметін жүзеге асыратын кәсіподақтардың және (немесе) үкіметтік емес ұйымдардың және (немесе) қоғамдық бірлестіктердің өкілдері;
— кемінде екі педагог;
— құрметті демалысқа шыққан педагогтер.
Білім беру ұйымының басшысы, білім беру ұйымының басқарушылық, әкімшілік, қосалқы персоналының қызметкерлері, осы білім беру ұйымының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің ата-аналары Кеңес құрамына оның мүшелері ретінде енгізілмейді. Бұл ретте Кеңес хатшысы ретінде білім беру ұйымының басқарушылық, әкімшілік, қосалқы персоналының қызметкерлеріне жол беріледі. Толығырақ министрліктің 11.05.2020 ж. №190 бұйрығында айқындалған.

Кеңес қорытындысына сәйкес, әдеп кеңесін қайта құру барысында ардагер ұстаздарымызды кеңес құрамына қосу жөнінде ұсыныс білдіріп, аудандық білім бөлімі және білім беру ұйымдары басшыларына атқарып отырған жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға шақырдым.