2025 ЖЫЛЫ ТҰРАН АУДАНЫН 100 ПАЙЫЗ САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЛАНҒАН
Инженерлік инфрақұрылым — елдің немесе аймақтың тұрғындары мен экономикасы үшін маңызды қолдаушы жүйелер мен объектілер жиынтығы. Бұл инфрақұрылым халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, экономиканың тиімді жұмыс істеуіне және қоғамның тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Инженерлік инфрақұрылымның негізгі компоненттеріне су, электр энергиясы, газбен қамтамасыз ету, канализация, жылу, көлік жолдары және телекоммуникация жүйелері кіреді. Электр энергиясы қоғамның барлық салалары үшін маңызды болып табылады. Ол тұрғын үйлерді, өнеркәсіптерді, транспортты және басқа да қызмет көрсету орындарын энергиямен қамтамасыз етеді. Электр желілері мен станциялары инженерлік инфрақұрылымның негізгі бөлігін құрайды. Сумен қамтамасыз ету жүйелері тұрғындарды және өнеркәсіптік мекемелерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, канализация жүйелері қалдық суларды жинап, оларды тазарту үшін қажет. Судың жеткілікті және қауіпсіз болуы адамдардың денсаулығы мен тұрмыс сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Табиғи газ жүйелері тұрғын үйлерді және өнеркәсіп орындарын жылытуға, сондай-ақ тамақ пісіруге және өндірістік қажеттіліктерге арналған. Газ жүйесі де инженерлік инфрақұрылымның ажырамас бөлігі болып саналады.
Жылу энергиясы негізінен тұрғын үйлерді және қоғамдық ғимараттарды жылыту үшін пайдаланылады. Жылу энергиясын тарату жүйелері тұрғындардың жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етеді. Көлік жолдары, теміржолдар, әуежайлар және теңіз порттары инженерлік инфрақұрылымның маңызды бөлігі болып табылады. Бұл жүйелер адамдардың қозғалысын және жүк тасымалдауды қамтамасыз етеді, экономиканың дамуына ықпал етеді. Телекоммуникация желілері интернет, телефон, радио және теледидар сияқты байланыс қызметтерін ұсынады. Бұл жүйелер қазіргі заманда ақпарат алмасуды, жұмыс істеуді және қоғамның тиімді дамуын қамтамасыз етеді. Инженерлік инфрақұрылым елдің экономикалық өсуі мен дамуына маңызды рөл атқарады. Ол жаңа кәсіпорындарды құруға, өндіріс көлемін арттыруға және халықтың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сумен, жылумен, электр энергиясымен және басқа да қажетті ресурстармен қамтамасыз ету арқылы инженерлік инфрақұрылым тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайларын жасайды. Бұл тұрмыстық қолайлылық қоғамның жалпы әл-ауқатын арттырады. Инженерлік инфрақұрылымның тұрақтылығы мен тиімділігі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ықпал етеді. Суды тазарту, қалдықтарды басқару және энергетикалық тиімділік шаралары қоршаған ортаға түсетін зиянды азайтады және экожүйені сақтауға мүмкіндік береді. Қалалар мен ауылдардың дамуы тікелей инженерлік инфрақұрылымның деңгейіне байланысты. Қала және ауыл тұрғындары үшін сапалы жолдар, су және электр жүйелері, телекоммуникация инфрақұрылымы қажет. Бұл қызметтер әрбір адамның күнделікті өмірін жақсартады және елді мекендердің тұрақты дамуына жағдай жасайды. Инженерлік инфрақұрылым қоғамның негізін құрайды және елдің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дамуында маңызды рөл атқарады. Сумен қамтамасыз ету, электр энергиясы, газ, көлік және телекоммуникация жүйелері күнделікті өмірдің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды дамыту және оны қолдау мемлекет үшін негізгі басымдықтардың бірі болуы тиіс. Инфрақұрылымды сапалы дамыту арқылы біз қоғамымыздың әл-ауқатын көтеріп, болашақ ұрпақтарымызға қолайлы жағдай жасай аламыз. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Мәселен, үшінші мегаполиске қарасты Тұран ауданы 21 шағын ауданнан тұрады. Халық саны 220,7 мың адам. Ауданның жер көлемі 36 300,0 га. Сондай-ақ ауданда 39 357 жеке үй, 544 көп қабатты үй және 597 көше бар. Бүгінде Тұран ауданына қарасты елді мекендердің 95,5% сапалы ауыз сумен қамтылған. Ал 2026 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Табиғи газбен 85,7 пайыз, қамтылса 95,2 пайызға электр қуатымен қамтылған. 2026 жылы табиғи газбен 100 пайыз, 2025 жылы 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамту жоспарланған. Сондай-ақ, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші бүгінде 57,1 пайызды құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 60,2 пайызға жеткізу жоспарға қойылған. 2024 жылы Тұран ауданындағы 50 көшеге, 37,2 шақырым асфальт салу жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар, 2024 жылы барлығы 43 көшеге аяқжол салу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 39 көшенің құрылысы аяқталды, қалған 4 көшеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Тұран ауданында өткен 10 айдың көрсеткіші бойынша жарықтандыру жұмыстары қарқын алған. 2024 жылы 10 айының қорытындысымен 400 көше жарықтандырылды. Аудан аумағындағы 79 аула аралықтарына 154 дана жарықшамдар орнату бойынша мердігер мекемемен жұмыстар атқарылуда. Ирригация орнату жұмыстары бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Жалпы 32 көшеге 13,4 шақырым ирригация жүйесі салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 24 көше жұмысы аяқталды, 4 көшенің құрылысы жүруде. Айта кету керек, Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты Құрсай елді мекенінде бүгінде 20 мыңға жуық халық бар. Аталған елді мекенді сапалы инфрақұрылыммен қамту — басты міндеттердің бірі. Осыған орай, қазіргі уақытта Құрсай елді мекенінде бірнеше нысанның құрылысы қарқын алған. Атап айқанда, Тұрбат, Шеңбертал, Таңбалы тас, Мәмешов тұйығы, Зайсан, Өскент көшелеріне асфальт салынды. Сонымен қатар, Сатқанбайұлы, Бекболатов, Құлантөбе, Құлантөбе өткелі, Әулиекөл, Егізтөбе көшелерінде құрылыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Агрофирма Құрсай елдімекені Сарытау соңы, Ақбастөбе көшелеріне жол салу құрылысы жүруде. 2023 жылдың соңына дейін Құрсай елдімекені бойынша 40 көшеге 16,4 шақырым шағал тас төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін Аққыстау және Қармақшы көшелері жарықтандырылса, Таңатар көшесін де жарықтандыру жоспарланған. Сондай-ақ, ауыз су мәселесі жыл соңына дейін шешімін табатын болады. Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінде шағын аудандар мен елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның бірі Тұран ауданы аумағындағы Құрсай елді мекенінде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуде 336,5 шақырым су құбыры жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына жауапты – мердігер мекеме «Риголит» ЖШС. Дәл қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 336,5 шақырым ауыз су құбырларының 99 пайызы жүргізіліп, халыққа су беру үшін жуып-шаю, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысы 2021 жылы басталған су жүйесін тарту жұмысы ІІ кезең бойынша жүзеге асырылған. Бірінші кезең – 185,5 шақырымды болса, екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырымды құрайды. Бұған дейін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Абай ауданының әкімі Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы аудандағы инфрақұрылымдық даму туралы баяндаған болатын. Әкімнің мәліметінше, қазіргі таңда аудан аумағындағы 27 елді мекенде 257,7 мың халық тұрады, олар 55 159 жеке үй және 220 көпқабатты тұрғын үйлерді қамтиды. Сонымен қатар, ауданда 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысан бар. Ауыз су және электр қуатымен қамтамасыз ету деңгейі толықтай 100 пайызға жеткен. Аудандағы 23 елді мекен табиғи газбен қамтылған, бұл 85,2 пайызды құрайды. Тағы 4 елді мекенде газ жүйесінің құрылысы жүргізілуде, олардың ішінде Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайы, Ынтымақ-2 шағын ауданы, және Тәуелсіздікке-20 жыл тұрғын алабы бар. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. 27 елді мекеннің 7-еуі ғана кәріз жүйесімен қамтылған. 2023 жылдан бері 5 ірі жобада кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде Достық және Бозарық шағын аудандарында жұмыстар аяқталды. Құрылыс қарқыны жалғасуда: 2024 жылдың соңына дейін Тұран-А-2 тас жолы коллекторының құрылысы аяқталып, 2025 жылға қарай Шымсити-Төлеметов коллекторының құрылысы жалғасады. 2025-2026 жылдары тағы 8 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылысын бастау жоспарланған. Нәтижесінде 2026 жылға қарай ауданның кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 55,5 пайызға дейін ұлғаймақ. Бұл көрсеткіштер ауданның инфрақұрылымдық дамуын айқын көрсетеді және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. 2024 жылы Абай ауданында инфрақұрылымдық жобалар аясында жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Ауданда 1274 көше бар, олардың жалпы ұзындығы 1080,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде асфальт жолдар – 573 шақырым немесе 48,5 пайыз, тас жолдар – 450,2 шақырым немесе 25,7 пайыз, топырақ жолдар – 57 шақырым немесе 2,8 пайыз. Абай ауданының 2024 жылы абаттандыруына ерекше көңіл бөлінді. Ауданның әкімдік аппаратына жалпы 3,88 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы мерекелік іс-шаралар, елді мекендерді абаттандыру, балалар және спорт алаңдарын салу, көшелерді жарықтандыру сияқты түрлі жобаларға бағытталған. Халық қатысатын бюджет жобасы аясында 22 жоба жүзеге асырылды, оның ішінде 18 балалар алаңы және 2 спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Бұл жобаларға 491,2 миллион теңге қарастырылды. Абай ауданының инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы бұл жұмыстар аудан халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.