ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ХХХІІ СЕССИЯСЫНА ШЫМКЕНТТЕН 21 ДЕЛЕГАТ ҚАТЫСТЫ

43
0

Өткен аптада Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясы өтті. Оған Шымкент қаласынан 21 делегат қатысты. Делегация қатарында ассамблея құрамына кіретін қала басшылығы, мәслихат депутаттары, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ҚХА жанындағы құрылым басшылары мен «Ассамблея жастары» РҚБ Шымкент қалалық өкілдігінің басшысы бар.

Сессияның бірінші күні Шымкент қаласынан барған делегация мүшелері Назарбаев Университетінде «Әділетті  Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясы тақырыбын секциялық пікірталас алаңдарында талқылады. Нақтырағы, секциялық пікірталас алаңдарында «ҚХА-ның саяси реформаларды іске асырудағы және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі», «Ұлттыққұрылыс және жалпыұлттық бірегейлік бойынша интенсив», «Этносаясаттың өңірлік аспектілері бойынша интенсив» тақырыптарында делегация құрамындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қалалық мәслихат депутаттары және қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілері сарапшылармен өзара пікір алмасып, талқылау жүргізді.

Аталған жиында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева еліміздің өркендеуіне үлес қосқан, өңірлерден келген этномәдени бірлестік өкілдерінің ардагерлерін марапаттады. Сөзінің соңында ол Ассамблеяның ауқымды жұмысы Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Спикерлердің көтерген ең маңызды бағыттарының бірі – ұлтты тәрбиелеу. Бүгінгі ұрпақ – келешектегі қоғам. Сондықтан сол қоғамды тәрбиелеу – сіз бен біздің басты міндетіміз. Бұл өзара этносаралық қарым-қатынасты нығайту, түйткілді мәселелердің түйінін тарқату – бүкіл қоғамның міндеті. 2022 жыл үлкен саяси өзгерістер жылы болды. Оның жүйелі, тиімді жүзеге асыру бәрімізге байланысты» деді Аида Балаева өз сөзінде.

Одан әрі сессия қатысушылардың дағдылары мен құзыреттерін арттыруға бағытталған интенсив курстарға ұласты. Бірінші жиын мемлекет құру және ұлттық бірегейлік мәселелеріне арналды. Аталған іс-шара Этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиевтың модераторлығымен және спикерлер – саясаттанушы Эдуард Полетаев пен қоғам қайраткері Қанат Нұровтың қатысуымен өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен мақсатының өзі этномәдени бірлестіктердің рухани күш біріктіруінен, этномәдени бірлестіктердің, олардың мәдениеті, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етуден тұратыны белгілі. Бұл орайда, ел  азаматтарын қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыруға, мемлекеттік тіл мен оның мәртебесін ілгерілету басты ұстанымға айналуға тиіс. Сондықтан да спикерлер Ассамблеяның мемлекеттік тілді дамытуға қосқан нақты үлесі мен мемлекеттік саясатты жүргізудегі бағытына тоқталды. Бұдан бөлек, Ассамблея қоғамдағы өзекті мәселелерді барынша қозғап, оның шешімін табуға зор үлес қосып келеді. ҚХА жанында аналар, ақсақалдар кеңесі, медиацияның жұмысы соған дәлел.

«Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбымен өткен ауқымды іс-шараның алғашқы күні сарапшылар Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси реформаларды іске асырудағы және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлін талқылады. Қызу пікірталас жағдайында өткен секциялар жұмысында келісім, толеранттылық атмосферасын қалыптастырудағы дәстүрлердің, мәдениет пен білім саласының ықпалы, сондай-ақ ҚХА саяси реформаларды жүзеге асырудағы және қоғамдық бірлікті нығайтудағы қызметі талқыланды.