Біздегі «кадр саясатының» сиқы
Оңтүстікте кадр ауыстыру қолғап ауыстырумен бірдей болып қалғаны қашан. Шамамен 3 жылдың көлемі болып қалды-ау! Содан бері кей ауданда жыл сайын бір әкім ауысып жатса, қайсыбір басқармаларда бұл көрсеткіш одан да жоғары. Бұлай деуімізге дәлел, осы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының не құдіреті барын білмедік, әйтеуір, бір басшыға жарымай-ақ қойды. Бастығы жиі-жиі ауысқан басқармада қайбір жүйелі жұмыс болушы еді?! Әр басшы келген сайын ұжымдағы психологиялық ахуалдың қандай болатынын екенің бірі біледі. Жаңа бастық істі бастамас бұрын мақсатты жоспар, белгілі бағдарлама түзеді, алды-артын болжайды. Сөйтіп жүргенінде жылдың жарымы өтеді. Білекті түрініп, жұмысты енді бастағанда, атынан ауып түседі.2009 жылы осы басқармаға облыс әкімінің өкімімен Сүйіндік Төрекелдиев отырды. Ұзақ отырған жоқ, орнын Ғалымжан Ильясовқа өткізді. Жыл өтпей-ақ бұл орынтақ Нұржан Әлтаевқа бұйырды. Ұзақтау отырғаны да осы болар. Бір жылдан сәл асқанда А.Мырзахметов оңтүстікте кадр құрып қалғандай басқармаға бастықты сонау Қызылордадан шақырды. Шақыртуға шауып келген Дінмұхамед Әбсәттаровтың да әуселесі белгілі болып, оған да тақыр-таяң тақалғандай. Қазір елдің аузында Алладан кейін Әбсаттаров жүр. Ол да бүгін-ертең қызметімен қоштаспақ көрінеді. Сенімді ақпарат дерегіне қарағанда, Әбсаттаров әлдеқашан босап, оның орнын орынбасары Жанболат Мелдешев жоқтатпай жүрген сыңайлы. Егер бұл дереккөз анық болса, басқарма ұжымы 3 жылда бесінші басшыны қабылдамақ. Облыстың экономикасына қомақты үлес қосып жүрген басқарма неге басшыға жарымай қойды деуіміздің сыры да осында.
Асқар Исабекұлының не ойлағаны барын білмедік, мұндай кадр сапырылысы бір бұл басқарманың басындағы жағдай емес, энергетика және комуналды шаруашылық, білім, құрылыс, табиғи ресурстар басқармаларына да тән көрініс. Осы мекемелерде соңғы 3 жылда кемінде 2-3 бастық ауыстырылған. Оңтүстікте бір білікті дәрігер жоқтай, облыстың бас дәрігерлігіне Қызылордадан Жұмағали Исмайлов келді. Бүгінде оның да басынан қиқу кетпей, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» Исмайловтың шалағай тірліктеріне тиісті бағасын беріп қойды. Бұл бұл ма, Сарыағаш ауданына да әкім құтаймай қойды. Санынан да жаңылысып қалғандаймыз. Ұмытпасақ, 3 жылда төртінші әкім Сарыағаштың тізгінін ұстауға барыпты.
Биыл Оңтүстіктің күні күйіп тұр. Шіліңгір шілде басталмай жатып сая іздеген шенеуніктердің алды қысқа мерзімді демалысқа шығып үлгерді. Араларында Асқар Исабекұлы да бар. Ол кісіні күйіп тұрған күн емес, кадр саясаты шаршатты ма екен? Өйткен жағдайда ешкімге де өкпе артуының жөні де, қисыны да жоқ.
«Уақыттың» шолушысы.