МЕТАПНЕВМОВИРУС: ҚАЗАҚСТАНДА КАРАНТИН ЖАРИЯЛАНУЫ МҮМКІН БЕ?

26
0

Еліміздегі метапневмовирус індетінің таралуына қатысты Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Айжан Есмағамбетова түсінік берді.

— Қазір елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, сырқаттану 20 пайызға төмендеді. Дегенмен, әдетте, дерттің өршуі қаңтарда байқалады, содан ақпанның ортасына қарай төмендейді. Қазір карантин немесе шектеу шараларын енгізуге негіз жоқ. Біз эпидемиологиялық жағдайды, вирустың жиілігі мен айналымын күнделікті бақылап отырмыз. Вирустық инфекциялар, тұмау немесе басқа инфекциялардың өзі қауіпті емес, ал асқынған жағдайда қауіпті, — деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова.

Басқарма төрағасының айтуынша, метапневмовирус басқа да инфекциялар секілді асқынуы мүмкін.

— Көпшілік жерден аулақ болған жөн, маска таққан абзал және бөлмені желдетіп отырған дұрыс. Вирустың алдын алу және инфекция жұқтыратын адамдардың санын көбейтпеу үшін тағы бір маңызды ұсыныс, ЖРВИ белгілері бар балаларды балабақшаға, мектепке жібермеу керек. Өйткені балалар инфекцияны отбасына алып келеді, сосын ата-ана, отбасы мүшелеріне жұқтыру қаупі бар, — дейді А.Есмағамбетова.