АСАР ТҰРҒЫНДАРЫ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Шымкенттегі «Асар» елдімекенінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті. Ауыл билері, көше ақсақалдары, «Ел аманаты» қоғамдық бірлестігінің және аудандық ардагерлер ұйымының мүшелері «Асар» орталық саябағына жиналып, тазалық жұмыстарына үлес қосты. Жергілікті тұрғындарды ретсіз қоқыс тастамауға, табиғатқа қамқорлық көрсетуге шақырды.
Асар елдімекені Ардагерлер ұйымының төрағасы Қалдыбек Рсалиев: «Бүгінгі сенбіліктің мақсаты – тұрғындардың экологиялық белсенділігін арттыру, табиғатты қорғауға қатысты жауапкершілігін күшейту және қоғамды тазалыққа шақыру. Осы аумақты қоқыстан тазартып, табиғатқа, туған жерге құрметпен қарау идеологиясын сіңіру», — деген ойымен бөлісті.
Ауыл биі Әбдікәрім Рәджәп асарлықтардың кешегі күнге дейін 8 жыл бойы «Таза қала» номинациясын бермей келгенін айтады. «Елдімекеннің жер көлемі – 350 гектар, 25 мыңнан аса тұрғыны бар. Жергілікті тұрғындар ауызбіршіліктің арқасында тазалыққа жауапкершілікпен қарайды. Қоқыстар дер кезінде шығарылады», — деді ол.
Абай коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысының орынбасары Дінмұхаммед Шаншарханның айтуынша, жұмыстарды сапалы әрі тиімді жүзеге асыру мақсатында 12 бірлік арнайы техника мен 3 бригада, 30-ға жуық жұмысшы, жалпы 72 адам тартылды. Барлық жұмысшылар ұйымдасқан түрде өздеріне тапсырылған аумақтарды тазалап, қалдықтар мен қоқыстарды жинады. Олар әрбір учаскеде мұқият жұмыс істеп, тазалықты сақтау үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргізді.
Экологиялық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау мақсатында атқарылған игі шара тазалықты сақтап, экологиялық тәртіпті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.