ШЫМКЕНТТІ КӨГАЛДАНДЫРУ: ҚАЛАНЫ ЖАСЫЛ АЙМАҚҚА АЙНАЛДЫРУ ЖОБАЛАРЫ

Шымкент қаласында абаттандыру және көгалдандыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, 2025 жылы 24 магистралды көшеде ұзындығы 54,2 шақырымды құрайтын 400 мың шаршы метр аумақты көгалдандыру жоспарланған. Сонымен қатар, биыл «Абай», «Металлург», «Алатау» саябақтарында балалар ойын алаңдарын салу жұмыстары басталады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпаздары анықталған.
2024 жылы қала көшелерін гүлдендіру мақсатында 108 орынға 220 741 дана көпжылдық раушан гүлдері отырғызылды. Бұған қоса, әкімдік инспекторлары қала бойынша 29 орынға гүл егу туралы ұсыныс енгізді. Тексеру нәтижесінде 13 орынға гүл отырғызуға мүмкіндік бары анықталып, бұл бағыттағы жұмыстар атқарылды. Алайда, ирригациялық жүйелер, жаяу жүргіншілер жолы мен жарықшам электр жүйелерінің кедергі келтіруіне байланысты 12 орынға гүл отырғызу мүмкін болмаған. Ал қалған 4 орынға, оның ішінде Сайрам көшесі мен Жібек жолы көшелерінің қиылысына қызғалдақтар егілді.
Көгалдандыруды тиімді жүргізу үшін Қаратау ауданындағы «БМК» каналынан 250 л/с ағын су алынып, ол «Шымкент» каналы арқылы «Жаңа шек» каналына бағытталды. Бұл жүйе Аймауытов, Ақпан батыр, Қазыбек би, Дулати, Толстой, Иляев, Адырбеков, Тәуке хан, Желтоқсан, Бейбітшілік, Колхозная, Асқаров және Темірлан тас жолы көшелеріне жіберілді.
Қаланы көгалдандыру жобасы аясында А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы Ташкент қаласының ботаникалық бағымен ынтымақтастық орнатты. Бұл келісімнің нәтижесінде дендросаябақтағы ағаш-бұта тұқымдарының түрі 214-тен 251-ге дейін ұлғайтылды. Алдағы уақытта гендік қорды 383 түрге дейін арттыру көзделген.
Шымкент қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған бұл шаралар мегаполистің табиғи келбетін сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтермек. Қаланы жасыл аймаққа айналдыру бағытындағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады.