ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ ТҰРҒЫНДАР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЕРЕКШЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАСТАМАНЫ БАСТАДЫ

32
0
Қазығұрт ауданына қарасты Жаңабазар ауылы округінің тұрғындары «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Ауыл үшін – бір отбасы, бір тал ек» атауымен игі бастама көтеріп, ауыл аумағын абаттандыру, көгалдандыру мақсатында ағаштар отырғызып, қоршаған ортаны жасыл желекке айналдыруға өз үлестерін қосты.
Аталмыш шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарымен бірге саябаққа сәнді ағаштар екті.
– Бұл бастама ауылдардың таза әрі жасыл болуына үлкен септігін тигізеді. Әрбір талдың өсуі – біздің табиғатқа, болашақ ұрпаққа қосқан үлкен үлесіміз. Мұндай игі шараларды біз барлық ауылдарда жалғастырып, еліміздің экологиясына зор үлес қосатын боламыз, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары алдағы уақытта саябақ аумағын ұлғайтып, оған қосымша ағаштар отырғызуды жоспарлап отыр. Олар бұл бастаманы тек табиғатты қорғау ғана емес, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрғындарға табиғат аясында демалуға жағдай жасау мақсатында қолға алғандарын айтты.
Бұдан бөлек, ауылда өзге де экологиялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жоспарланып, ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтуға бағытталған түрлі шаралар өткізу көзделуде.
Айта кетсек, облыстық Табиғи ресустар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылықтарында өсірілген көшеттер өңірді көшетпен қамтуда. Облыстағы елді мекендерге арнайы тұқымбақтар бекітілген. Қазығұрттықтар «Жасыл желек» мекемесінің тұқымбағында өсірілген көшеттерді алып жатыр.