«ШЫМКЕНТТЕ ЕРТЕ ЗАМАННАН БЕРІ ТҮРЛІ МӘДЕНИЕТ ПЕН ДӘСТҮРДІҢ ІЗІ ҚАЛДЫ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығы алдында сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорда.
Президент Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өтті.
– Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін. Көне шаһар тоғыз жолдың торабында тұр. Ұлы Жібек жолы кезінде осы аймақтан өткені белгілі. Шымкентте ерте заманнан бері сауда-саттық өркен жайды, түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің ізі қалды. Бұл керуеннің көші әлі де үзілген жоқ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі осы қаланы басып өтеді. Күре жолдың арқасында шаһардың стратегиялық маңызы арта түсті. Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады. Шаһар жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Көптеген өндіріс орындары ашылып жатыр. Менің тапсырмаммен бірнеше әлеуметтік нысан салынды. Атап айтқанда, Конгресс-холл, екі Оқушылар сарайы, 11 жайлы мектеп бой көтерді. Айтпақшы, Шымкенттің бір топ азаматы Конгресс-холды «Tulip Hall» деп атамай, бұл ғимаратқа «Қызғалдақ сарайы» немесе «Қызғалдақ» деген атауды беру жөнінде ұсыныс айтып жатыр. Меніңше, орынды пікір, келісуге болады. Олай болса, сарайдың атауы «Қызғалдақ» болсын. «Қызғалдақ сарайы» деген сәл ұзақтау екен. Былтыр қалада жалпы аумағы 1,3 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынды. Металлургия, құрылыс саласы, азық-түлік өндірісі қарқынды дамып жатыр. Былтыр қала экономикасы 11 пайызға өсті. Шымкентте 300-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Тек былтырдың өзінде қалаға 770 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған, – деді Мемлекет басшысы.
Президент халық арасында Шымкентті «кәсіпкерлердің отаны» деп атайтынына назар аударып, қала экономикасының жартысынан көбі 140 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысанының еншісінде екенін жеткізді.
– Мегаполистің демографиялық өсімі де жоғары. Табиғи өсіммен бірге, мұнда көшіп келіп жатқандар көп. Осының өзі қаланың тіршілікке қолайлы, болашағы зор екенін көрсетеді. Бірақ бақылаусыз көші-қон, яғни, миграция тиісті техникалық және әлеуметтік инфрақұрылымға әсер етеді. Мұны да ұмытпауымыз керек. Әрине, Шымкент мен жаңа айтып өткен табыстың бәріне, ең алдымен, еңбекқор, іскер әрі ұйымшыл халқының арқасында жетіп отыр. Қазіргі алмағайып заманда бұл қасиеттер әр азаматтың бойынан табылуы керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді.
– Баршаңызға белгілі, жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз Президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз. Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаһандық ахуалға мейлінше бейімделіп жұмыс істеу, яғни, әр қадамды мұқият ойластырып, салмақты шешімдер қабылдау арқылы Қазақстан экономикасын түрлі сын-қатерден сақтап қалу маңызды екеніне тоқталды.
– Сондықтан Үкімет кез келген мәселені алдын ала қарастырып, тиімді және батыл әрекет етуге тиіс. Еліміздің мүмкіндіктері мол, әлеуеті орасан зор. Қаңтар-наурыз айлары бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 5,8 пайыз болды. Бұл – қазіргі күрделі жағдайда өте жақсы көрсеткіш деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлттық экономикамыз негізінен көлік саласы, құрылыс саласы, өнеркәсіп және сауда-саттық есебінен дамып жатқанын атап өткім келеді. Бұл – өте маңызды жетістік. Сонымен қатар әлемдік дағдарыс күшейіп кеткен жағдайда еліміз Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорының мүмкіндіктерін қолдана алады. Осындай күрделі уақытта біздің кәсіпкерлеріміз де ерекше белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі оларды ешқандай қиындыққа қарамай еңбек ете алатын нақты істің адамдары деп есептеймін. Бізге қазір құр сөздің еш қажеті жоқ. Біз бәріміз бір ел болып тек табанды және тиімді жұмыс істеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде ашық сауда, тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы қағидаттарын берік ұстанады. Сондай-ақ еліміз барлық серіктестерімен өзара сенімге, ашық диалогқа негізделген қарым-қатынас құрады.
– Сауда-саттық – дамудың көзі. Жекелеген елдермен қатар, тұтас аймақтардың өзі сауданың арқасында өркендеп, көркейе түсті. Қазақстан Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын сауда жолдарының тоғысында тұр. Бұл – біздің географиялық ерекшелігіміз ғана емес, тарихи тағдырымыз деуге болады. Демек біз еліміздің маңдайына жазылған осы стратегиялық мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Сондықтан Қазақстан аса маңызды халықаралық көлік-логистика жобаларын жүзеге асыру ісіне белсенді түрде қатыса бермек. Біздің негізгі мақсатымыз бәріне түсінікті деп ойлаймын. Біз тағдыр қосқан көршілес елдермен жемісті және жан-жақты ынтымақтастықты нығайта береміз. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, байыпты және байсалды сыртқы саясатты жүргіземіз. Қазақта «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген сөз бар. Көрші мемлекеттердің бәрімен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біз қашанда бұл мәселеге айрықша мән береміз. Көршімізде өрт шықса, оның жалыны бізді де шарпиды. Сондықтан іргелес елдердің бәрінде тыныштық пен тұрақтылық болғанын қалаймыз. Әрине, мұның барлығы – уақытша қиындықтар. Ең бастысы, біздің бағдарымыз айқын, жолымыз ашық. Алға қойған мақсаттарымызды міндетті түрде іске асырамыз. Үкімет пен әкімдердің негізгі міндеті – қолға алған реформалар мен жобаларды тиянақты жүзеге асыру. Сонда ғана ұлттық экономикамыз да тұрақты даму жолына түспек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасы жайында пікір білдірді.
– Жаңа Салық кодексін әзірлеуге тапсырма берген кезде мен мейлінше түсінікті, тұрақты әрі әділ салық саясатына көшу жөнінде міндет қойдым. Шын мәнінде, біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз. Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдайларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Соның салдарынан кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер оны әрқалай қабылдап, өз уәждерін алға тартады. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы. Ол да негізсіз емес. Бастапқыда салық жеңілдігі экономиканың белгілі бір салалары мен бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген еді. Бірақ кәсіпкерлер жеңілдікті бас пайдасына жаратып, салықтан жалтарып, бизнестерін бөлшектей бастады. Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз. Қазақстан жаппай офшор аймағына айналып кетпеуі керек. Мұның бәрі салықты басқару жүйесін күрделендіріп, салық жүктемесі әділетсіз бөлінетін жағдайға әкеп соқты. Қазір Парламентте мүлдем жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Аталған құжат бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескеріп, кәсіпкерлерді салықты дұрыс төлеуге ынталандыруға тиіс. Қосымша салық түсімдері даму бюджетін ұлғайтып, жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді. Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді. Осының бәрі азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни, түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ. Әрине, осындай күрделі кезеңде бізге ең алдымен ауызбіршілік керек. Халқымызда «Ырыс ынтымақты елге барады» деген жақсы сөз бар. Ұйыса білген ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан жұртты ортақ мақсатқа жұмылдыру өте маңызды, -– деді Мемлекет басшысы.
Президент «Таза Қазақстан» акциясына айрықша тоқталып, бұл жоба аз уақыт ішінде бүкіл елді біріктіріп, жалпыұлттық сипатқа ие болғанын атап өтті.
– Осы бастамаға шымкенттік ағайын да белсене атсалысып жатыр. Былтыр қалада 200-ден астам аула мен қоғамдық орын тазартылды, 200 мыңнан астам ағаш отырғызылды. «Таза Қазақстан» айналаны тазалаумен немесе сенбілікке шығумен шектелмейді. Оның ауқымы және мағынасы өте кең. Тазалық дегеніміз – ең алдымен, ішкі мәдениеттің өлшемі. Еліміздегі әр азаматтың жаны таза, қолы мен ісі таза болса, шын мәнінде озық ойлы ұлтқа айналамыз. Осы маңызды істе Шымкент қаласы өзінің «шырайлы» деген атына сай болып, көш бастауы керек. Елімізде заң мен тәртіп біржола үстемдік құруға тиіс. Бұл – мән-мағынасы ерекше мақсат. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Заңды сақтап, тәртіпке бағына білсек, мақсатымызға жетеміз, кез келген дағдарысты еңсере аламыз. Қазіргі бұлыңғыр заманда елімізге заңға негізделген тәртіп ауадай қажет. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жауапқа тарту керек. Басқа жол жоқ. Осылайша, әділетті, қауіпсіз, қуатты және таза Қазақстанды құрып, өркендеген ел боламыз, – деді Мемлекет басшысы.