БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ МҮМКІНДІГІ АРТПАҚ
Шымкент қаласына қарасты Сайрам шағынауданында орналасқан білім ұйымына оқушы санының артуына байланысты ғимарат қажеттілігі туындаған болатын. Осы мәселені шешу мақсатында өңірдегі №65 мектептің жанынан қосымша ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл шағынаудандағы орын тапшылығы мәселесінің шешілуіне мұрындық болмақ. Ал атқарылған жұмыстар қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тікелей бақылауында.
Жалпы 2021-2022 оқу жылында №65 мектепте 3 268 оқушы білім алды. Сыйымдылығы 1251 оқушыға арналған ғимаратта 3 ауысымда сабақ жүргізілген. Жаңа ғимарат бой көтерсе, екі ауысымда мыңнан аса оқушы білімін жалғастыра алады. Жобада 25 оқушыға лайықталған 24 сынып бөлмесі, ашық спорт алаңы, онда футбол мен жүгіруга арналған арнайы жол және есік алдына субұрқақ, қоқыс контейнерлеріне арналған орын қаралып отыр. Қосымша ғимарат қажеттілігі жөнінде 2021 жылы сынама өткізіліп, оң қорытындысы шыққан. Қазір құрылысқа бөлінген жер көлемінің аумағы 0,92 га, құрылыс ауданы 1995,85 шаршы метрді құрайды. Осы жылдың наурыз ауында басталған жұмыстар 2023 жылдың тамызында пайдалануға берілмек. Жалпы Шымкент қаласында өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы да жүргізілуде. Мұның өзі қаладағы қабілетін ұштап, өнерін әрі қарай жетілдіруге айрықша мән беретін өскелең ұрпаққа айрықша қолдау болмақ. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары шымкенттік өрендер түрлі өнер сайыстарында оза шауып, қаламен қатар елдің де абыройын асқақтатып жүр. Білім бәйгесінде жеңімпаз атанған жастар да аз емес. Ал оларға көрсетілер қолдау алдағы уақытта да жалғасады.