ШЫМКЕНТТЕ ҰЙҒЫР ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТІ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйғыр этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен салтанатты концерттік іс-шара өтті. Бұл мереке ел бірлігін ұлықтап, мәдени көптүрлілікті дәріптейтін маңызды оқиғаға айналды.

Іс-шара барысында Шымкент қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева жиналған қауымды мерейтоймен құттықтап, еліміздегі этностар арасындағы татулық пен бірліктің маңыздылығына тоқталды. Ол этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне ерекше назар аударып, ұйғыр этномәдени бірлестігінің белсенді жұмысын атап өтті.

Айгүл Тұрсынбекқызы қалалық этномәдени бірлестік төрағаларына алғыс білдіріп, олардың ел дамуына қосып жатқан үлесіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, бүгінде ұйғыр қауымдастығының өкілдері қаланың әлеуметтік-экономикалық салаларында белсенді қызмет атқарып келеді.

Шара барысында сөз алған Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығының төрағасы Динмұхамед Искендиров өз кезегінде қауымдастықтың ел ішіндегі бейбітшілік пен татулықты сақтауға үлес қоса беретінін айтып, барша қатысушыларды мерекемен құттықтады.

Мерекелік концерт барысында қазақ композиторларының белгілі туындылары мен халық әндері шырқалып, көрермендерге ерекше рухани ләззат сыйлады. Ынтымағы жарасқан ұйғыр этномәдени бірлестігінің өнерпаздары сахнада өздерінің өнері арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл шара көпұлтты Шымкент қаласының мәдени өміріндегі жарқын оқиға болып, қала тұрғындарына жоғары көңіл-күй сыйлады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған концерт достық пен өзара түсіністіктің биік үлгісіне айналды.