ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЕСКЕК ЕСУДЕН АЛДЫНА ЖАН САЛМАДЫ

Мәдени астанамыз Түркістанда спорттық жарыстар жалғасуда. Ескек есу арнасында байдарка мен каноэда есуден жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында түркістандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Жарыстың басты жаңалығы – алғаш рет енгізілген төрттік микс сайысы. Екі ұл мен екі қыздан құралған экипаждар жарыс жолына шығып, бұл формат додаға ерекше серпін берді.
Республикалық додаға еліміздің 11 өңірінен 150-ге жуық спортшы қатысып, өзара бақ сынауда. Үздік нәтиже көрсеткен спортшылар ұлттық құрама сапында Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Байдарка мен каноэда есу және академиялық есу бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Сұлтанбековтің айтуынша, құрамаға іріктеу кезеңі өте тартысты өтуде.
Өңір спортшылары жарыста жоғары белсенділік танытып, жалпы 7 алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпаздар қатарында бірнеше дүркін чемпиондар да бар. Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Еркебұлан Кенесовтің айтуынша, алдағы құрлықтық додаға өңірден бірқатар талантты спортшылар жолдама алған.
Айта кетейік, Түркістанда 3–7 маусым күндері байдарка мен каноэда есуден Азия чемпионаты өтеді.



