КОЛЛЕДЖ БІТІРГЕНДЕРДІҢ ҚАНША ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСАДЫ?

Еліміздің колледждерін биыл 173 мың түлек тәмамдайды. Былтыр бұл цифр 159 мың болған. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан түлеп ұшқан жас мамандар оқуын бітірген соң қайда еңбек етіп жүр?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 772 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар, оның 445-і мемлекеттік, 327-і жекеменшік.
Соңғы 5 жылда елімізде 25 колледж ашылған. Қазақстан бойынша колледждер ең көп шоғырланған өңір — Алматы қаласы.
Мегаполисте 101 кәсіптік білім беру мекемесі бар. Ал ең азы Ұлытау облысында — 15.
Өзге өңірлердегі жағдай мынадай:
— Абай облысы — 33;
— Ақмола облысы — 30;
— Ақтөбе облысы — 40;
— Алматы облысы — 40;
— Атырау облысы — 25;
— БҚО — 36;
— Жамбыл облысы — 45;
— Жетісу облысы — 28;
— Қарағанды облысы — 54;
— Қостанай облысы — 33;
— Қызылорда облысы — 28;
— Маңғыстау облысы 26;
— Павлодар облысы — 43;
— Түркістан облысы — 53;
— СҚО — 24;
— ШҚО — 38;
— Шымкент қаласы — 41;
— Астана қаласы — 39.
Мемлекет басшысы 2022 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында колледждердің еңбек нарығына бейімделуі керек екенін айтып, тапсырма берген болатын.
— Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек, — деген еді Президент.
Оқу-ағарту министрлігі ұсынған мәліметке сенсек, бүгінде еліміздің 772 колледжінде бас-аяғы 556 мың студент білім алып жатыр.
Оның ішінде 173 мың түлек биыл оқуын тәмамдайды. Жалпы колледж студенттерінің 85% мемлекеттік грант негізінде тегін білім алады.
— Мемлекеттік білім тапсырысының 65 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталған. Келесі оқу жылынан бастап барлық техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандарды тегін даярлайтын болады. Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаның бір бөлігі. Мемлекеттік тапсырыс геология, энергетика, металлургия және машина жасау, көлік, байланыс, ІТ, құрылыс, педагогика және медицина, тау-кен және су салалары сияқты бағыттар бойынша ұлғайтылды, — делінген ведомство жауабында.
Мемлекеттік тапсырыс негізінде 2021 жылы — 93 мың, 2022 жылы — 124 мың, 2023 жылы — 133 мың жас тәлімгер қабылданған. 2024–2025 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс аясында 145 мың адам қабылданды.
Техникалық және кәсіптік білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыс көлемін 150 мыңнан астам орынға дейін ұлғайту жоспарланған.
— Сондай-ақ жыл сайын кәсіпорындардың өтінімі бойынша өндірістік тәжірибе мен кейінгі жұмысқа орналасуды қамтамасыз ету міндеттемесіне сәйкес, колледждерге 10 мың талапкер қабылданады. 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 90 мың студентті қамтуы тиіс, — деп хабарлайды министрліктен.
Еске салайық, биыл елімізде колледжге түсу қағидалары жаңартылды.
Атап айтқанда, арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған әскери қызметшілердің, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің балаларының өтініші негізінде мемлекеттік грант конкурстан тыс тағайындалады.
Былтыр Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов колледж түлектерінің білімі жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келе бермейтінін атап өткен болатын.
— Жаңа өндірістерді ашу кезінде білікті жұмысшылардың жетіспейтінін көріп отырмыз. Ал, жастар болса, колледжде оқуға құлықсыз, — деді Үкімет басшысы.
Дегенмен Оқу-ағарту министрлігінің жауабына сәйкес, жыл сайын жұмысқа орналасқан колледж түлектерінің саны артып келеді.
Атап айтқанда:
2022 жылы еліміздің колледждерін 137 802 студент бітірсе, 87 379 (77%) түлек жұмысқа орналасқан. 24 250 (17,6%) адам жоғары оқу орнына түскен не декреттік демалысқа шыққан, не болмаса әскерге кеткен.
2023 жылы колледждегі оқуын 141 311 түлек аяқтаған. Оның ішінде 91 616 (79%) адам тұрақты жұмысқа орналасса, 25 419 (17,9%) адам ЖОО-ға түсті, декреттік демалысқа шықты немесе әскерге аттанды.
2024 жылы колледждерді 159 606 маман тәмамдады. Оның басым бөлігі, яғни 108 122 (81%) адам жұмысқа орналасқан. Тағы 26 287 (16,5%) адам білімін әрі қарай жалғастырды, декретке шықты немесе әскери борышын өтеуге кетті.
Оқу-ағарту министрлігі кейінгі 3 жылда колледж студенттерінің стипендия 100 пайызға ұлғайғанын хабарлады. 2022 жылы тәлімгерлер орта буын мамандықтары бойынша 20 948 теңге, жұмыс біліктілігі бойынша 21 787 теңге шәкіртақы алған.
2023 жылы бұл қаржы 50 пайызға көбейіп, орта буын мамандықтары бойынша 31 422 теңгеге дейін, жұмыс біліктілігі бойынша 32 681 теңгеге дейін ұлғайды.
Ал 2024 жылдың қыркүйегінен бастап колледж студенттеріне арналған стипендия тағы 50 пайызға өсті. Шәкіртақы мөлшері орта буын мамандықтары бойынша 31 422 теңгеден 41 896 теңгеге дейін, жұмыс біліктілігі бойынша 32 681 теңгеден 43 574 теңгеге дейін көтерілді.
Ведомство биыл колледж студенттерінің шәкіртақысын тағы да ұлғайту жөнінде мәлімет берген жоқ.
Бұған дейін Үкімет отырысында бакалавриат, магистратура, докторантура стипендиясы биыл күзде өсетіні хабарланған еді.
Еске салайық, колледждерде 1 студентке бөлінетін қаржы екі есе артады. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1 студентті даярлау үшін бөлінетін қаржының орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, ол енді орташа есеппен 912 мың теңгеге жетеді.