АӘК: ШЫМКЕНТТЕ 2 765 ОТБАСЫДАН ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАНДЫ

162
0

Шымкенте жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау осы  жылдың 5- қаңтарынан басталғаны белгілі. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін мамандар 9 мыңнан астам адамға кеңес беріп, 2 765 отбасыдан өтініш қабылдаған. Құжат қабылдау 5 мекен-жай бойынша жүргізілуде. 

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық  орталықта қала әкімінің орынбасары  Ербол Садыр мәлімдеді.

Өз кезегінде Ербол Садыр мемлекет еңбекке қабілетті азаматтарды еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін атаулы әлеуметтік көмекті беру тәртібі өзгергенін айтты.

Соған сәйкес,  АӘК нағыз мұқтаж, өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалып жатқанын жеткізді.

Және де егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған белсенді жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылатынын тағы да еске салды. Бұдан бөлек ол, бала күтімімен айналысатын анаға, бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу міндеті қойылатынын мәлімдеді.

АӘК жаңа форматы бойынша  учаскелік комиссиялардың жұмысы және жауапкершілігі күшейтілетіні де белгілі. Заң жобасында учаскелік комиссияларға өтініш берген отбасының атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау тәртібі бекітіледі.  Сондай-ақ учаскелік комиссияның қорытындысы бойынша мұқтаж емес отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайтын болады.

АӘК-ке үміткер отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау уақыты  үш күннен жеті күнге дейін арттырылды.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау төмендегі мекенжайлар бойынша жүргізіледі.  

1. «Нұрсәт» мөлтек ауданы, С.Бәйтереков көшесі №89. Халықты жұмыспен қамту орталығының ғимараты;

2. Бәйдібек би даңғылы №60. Қаратау ауданы әкімдігі аппаратының ғимараты;

3. Тәуке хан даңғылы, №3. Абай ауданы әкімдігі аппаратының ғимараты;

4. Ж. Тыныбаев көшесі, №49. Әл-Фараби ауданы әкімдігі аппаратының ғимараты;

5. Л. Толстой көшесі, №119. Еңбекші ауданы әкімдігі аппаратының ғимараты.

uakit.kz