ШЫМКЕНТТЕГІ СӘУЛЕТТІ САРАЙ АТАУЫ «ҚЫЗҒАЛДАҚ» ДЕП ӨЗГЕРТІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары барысында жаңа Конгресс-холдың қызметімен танысып, аталған нысанға оң бағасын беріп, ризашылығын білдірген еді. Президент қала зиялыларымен кездесу барысында мәдениет пен руханияттың ордасына айналуға тиіс бұл ғимараттың атауына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
Сол сәтте ол «Tulip Hall» деп аталып келген сарайдың атауын қазақы реңкке сай өзгертіп, ұлттық танымға жақын «Қызғалдақ» атауын беру туралы ұсыныс айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл ұсынысы – ұлт руханиятын дәріптеп, төл мәдениетімізді заманауи кеңістікпен ұштастырудың жарқын көрінісі.
Президент тапсырмасы орындалып, енді бұл сәулетті сарай көркем де, жүрекке жылы естілетін «Қызғалдақ» атауымен атала бастады. Бұл өзгеріс – тек атау алмасуы ғана емес, сонымен қатар ұлттық сана мен мәдениеттің жаңа белеске көтерілгенінің нышаны.