КҮН ТҰТЫЛҒАН МЕЗГIЛ
(Бiрiншi кiтап)
ҚОЖАМЖАР БИ
– Бұқар қақпасы алдында да қаракөк түстi шатырлы арба бар. Менiң ойым да — алғаш сол шатырды шабу. Сары Мәнжi қайсысында болса да, екеумiзден аман қалмас.
– Батырлар осылай сөйлесiп тұрғанда қақпа үстiндегi биiк мұнараның тасасында жас шамасы отыздан асқан шүңiрек көз, жақтары қушиған, бет-жүзiнде қан-сөл жоқ сұп-сұр бiр жiгiт жан-жағына алақтап қарап тұрды. Өзiне ешкiмнiң көз салып тұрмағанын байқаған ол, дереу ышқырынан бiр жапырақ иленген лақ терiсiн шығарды да, жебесiнiң ұшына iлдi. Сосын аса шапшаңдықпен терi-қағаз iлiнген жебенi садаққа салып, қалмақтар тұрған тұсқа атып жiбердi. Сөйтiп садағын иығына iлiп, мұнара маңынан iлезде төмен түстi. Оның аяғы жерге тиген кезде қорған басындағы сарбаз Бердiқожаға қарап айқайлады:
– Батыр, екi қалмақ шаһарға қарай шапты.
Елең еткен Бердiқода жүгiрiп, қорған басына шықты. Қойкелдi мен Қожамжар да соңынан жеттi. Күн батуға әлi талай уақыт бар. Көз көрiм жер жап-жарық. Қосындарынан бөлiнiп, берi шапқан қос қалмақ, екi арадағы тегiске жеткенде аттарының басын кiлт тартып, ер үстiнен еңкейе, жерден бiрдеңе iздей бастады. Аз-кем уақыт ары-берi теңселiп жүрдi де, бiреуi жерден әлденәрсенi iлiп алып, керi шапты. Түкке түсiнбеген Бердiқожа Қойкелдiге бас бұрды:
– Нәлетi қалмақ жерден не iлiп әкеттi? Көзiң шалды ма?
– Не алғанын да, не үшiн шауып клiп, шауып кеткенiн де пайымдай алмай тұрмын.
Сөзге қарауыл сарбаз араласты:
– Екi қалмақ сарбазының дәл осылайша шауып келiп, жерден бiрдеңенi iздеп-iздеп, сәлден кейiн қосындарына қайтқанын екi күннен берi көрiп жүрмiн. Бүгiн түске дейiн де екi қалмақ манағы жерге дүрсiлдетiп келiп, ат үстiнен түспеген күйлерi жерден бiрнәрсенi iлiп алып, керi қайтты.
– Ерiккен қалмақтар ойларына келгенiн iстеп жүрген де. Қой, өз iсiмiзбен айналысайық, – дедi Бердiқожа. – Түнде дабыл қағысын естiген сәттерiңде қақпадан шығып, дұшпанға тiке шабыңдар.
Бұл сөзi Қойкелдiге арналды. Өзi қосынына бармақ боп, ат үстiне қона бергенде қарауыл сарбаз тағы айқайлады:
– Батыр, қалмақ шерiгi қозғалып, жаяу ғаскерлер аттарына мiне бастады. Сiрә, бiрдеңенi жоспарлады-ау.
Батырлар қамал басына қайта көтерлiдi. Төрт күннен берi саптарын бұзбаған күйi қимылсыз жатқан, тiптi әлгiнде ғана тып-тыныш қалып сақтап отырған қалмақтар дүрлiгiсiп, абыр-сабырға түсiптi. Бiреулерi ары-берi шапқылап, ғаскер алдында ойқастап жүр. Ендi бiр аттылар айнала тұрған қолдың алдын орай шауып, қамалдың бұл тұстан көрiнбейтiн жағына кетiп жатыр. Қазақтар олардың әп-сәтте неге мұндай дүрбелеңге түсе қалғандарына таң болып тұрғанда, Шағатай мен Бұхар һәм өзге де қақпалар жақтан жетi-сегiз жаушы шауып келдi. Алдымен Шағатай дарбазасынан келген жаушы сөйледi:
– Бердiқожа мыңбасы, бiз жақтағы қызыл шатырлы арба маңында жан-жақтан шауып жеткен қалмақтар ұйысып, әлдененi ойласқандай ма, қалай, аз-кем сәттен соң қайта шауып кетуде. Ғаскерлер құдды бiр шабуылға дайындалғандай, атқа қонып, қару-жарақтарын оңтайлап, қалаға қарай жылжи бастады.
– Бiздiң тұстағы қаракөк шатырдың алды да қарбаласқа толып, ойраттар шабуыл қамына кiрiстi, – дедi Бұхар дарбазасынан келген жаушы.
Басқа жаушылар да шапқыншының шаһарға қарай адым басқанын айтты. Қожамжар қалмақтарға көз салып едi, бұл жақтағы қол да алға қарай ентелегенiн көрдi. Бердiқожа дауысын көтерiп, жаушыларға бұйырды:
— Дереу керi шабыңдар да, мыңбасыларың мен жүзбасыларыңа соғысқа дайындалсын деген пәрменiмдi жеткiзiңдер! Мыңбасылар сәт сайын соғыс ахуалы хақында маған хабар берiп тұрсын! Тағы бiр қатаң ескертерiм: қорқақтық танытып, бұғып қалғандарға аяусыз жаза көрсетiлсiн. Ондайларды өздерiң-ақ қамал үстiнен сыртқа лақтыра салыңдар. Шабыңдар, тез қосындарыңа! Жау оқ жетер жерге келгенде садақ атып жебенi, жаңбырша жаудырыңдар.
Демде шаһар iшi, қамалдың үстi мен маңы дүрбелеңге толды. Сарбаздар жебе-садақтарын, найза-қылыштарын асынып, қорған басына ұмтылды. Қорған түбiне келiп, сатымен жоғарыға тырмысатын дұшпанның үстiне қара майды жағып құятын қарамайшылар қамал төбесiндегi бөшкелерiнiң бетiн ашып, бiлте-шақпақтарын даярлады. Он бес – он алтыдағы тас атқыш балалар да оқпана түбiне үйiлiп қойған тастарының маңына жиналып, соғысқа әзiрлендi.
Бердiқожаның өзiне қарасты мыңдық болғанымен, Төле бидiң шешiмi бойынша оған шаһар қорғанысының, сондай-ақ бүкiл соғыс барысын қадағалап жүретiн қолбасылық дәргейi берiлген. Бұрын да талай қанды шайқасты басынан өткерген, бұл күнде кәнiгi қолбастаушыға айналған Бердiқожа осы шақта да абыржымай, ғаскербасы мiндетiн қолына алды. Қойкелдi өз мыңдығына аттанып кеткен соң Ысат қақпасын қорғайтын сарбаздарға қалай соғысу керектiгiн қысқаша түсiндiрдi де, қай ондықтың қай жерде орналасатынын нықтап, қасына Қожамжар мен бiр жiгiттi шақырды:
– Сенiң атың кiм? – дедi ана жiгiтке алдымен. – Оңғарбай деймiсiң. Сен, Оңғарбай, тез рабатханаға шап та, ахуалды Төле биге хабарла. Оның не айтқанын маған жеткiз. Оңғарбай басын ие, қолын қусырып атына қонғанда Қожамжарға бұрылды: – Ысат қақпада мыңбасы жоқ. Қазiр соғыс басталып кетсе, мен күллi қамалды айнала шауып, шайқас барысымен әуре боп кетем. Сен жас та болсаң, алғырсың, батылсың. Саған осы Ысат қақпасының мыңбасын тапсырам. Жалынды сөздерiңмен, отты айбыныңмен сарбаздардың әруағын көтер. Қазақтың әруағы көтерiлмесе, басын төмен сала беретiн әдетi бар.
Шаһар iшiнде барлық тұстан соғыс қатерi төнгенiн бiлдiретiн дауылпаздар соғылып, кернейлер тартылды. Шайқасуға жарамды еркек кiндiктiлердiң бәрi қолдарыңа түскен жарақтармен қаруланып, қорғанға беттедi. Қатын, бала-шағалар манағы күн тұтылған кездегiдей үйдi-үйге тығылысты. Ары-берi жүгiрiскен адамдардан көше-көшелердiң шаңы көтерiлiп, әр орам шуға толды.
Бердiқожа қорған маңайындағы ахуалды бiлуге аттанып кеткенде Қожамжар Ысат мұнарасына көтерiлдi. Қалың қалмақ қолының саптары сетiнемеген күйi шаһарға таяпты. Қорғанды жаяу-ақ таптап кететiндей, ауыр жүрiспен қозғалып келе жатыр. Қамалға жүз қадамнан аса жерге келгенде қалт тоқтады. Екi аттылы шерiгi топтан бөлiндi де, дауыс еркiн жететiн жерге келiп, ат басын тартты. Бiреуi тап-таза қазақша сөйлеп, дауыстады:
– Ей, қазақтар! Тұқымдарың тұздай құрысын демесеңдер, қақпаларыңды ашып, бастарыңды иiп, сыртқа шығыңдар! Әйтпесе бала-шағаларыңа дейiн қырып, отқа орап жiберемiз.
– Бiздiң қолбасымыз, тәңiр шапағатын төккен Сары Мәнжi бахадүр ноянымыз – өз еркiмен берiлген қазақтарға мейiрiмдiлiк көрсетпек. Ал ашуына тисеңдер, бiреуiңе де аяушылық жасамайды,– дедi екiншiсi.
Қожамжар оларға қарап тұрып, қазiр шаһар қамалының барлық бүйiрiне қалмақтардың таяп келiп тоқтағанын, бар жерде мына екi жаушы тәрiздi басқа қалмақтар да осылай сөз айтып, айқайлап тұрғанын iштей сездi. Әкесiнен һәм басқа кiсiлерден естуiнше, осыдан бес-алты жыл бұрын қалмақтар Тәшкенге шабуылдағанда да осылай шарт қойыпты. Бiрақ қазақ батырлары ешқандай шартқа көнбей, ұрысқа кiрiскен. Қазiр де шаһар бегi Төле де, басқа батырлар да мына шартқа көнбейтiнiн, қасық қандары қалғанша қала үшiн шайқасқа түсетiнiн бiлдi. Бiлдi де, анау қос дұшпанды жауапсыз қалдырмайын деген оймен дауысын зорайтып, үн қатты:
– Бiр ауыз сөзiңе иланып, намысын таптата салатын қазақты аңқауға санама. Зорлығыңа қайрат, шабуылыңа айбат көрсетуге дайынбыз, нәлетi жоңғар. Батыр болсаңдар, тағы бiр жиырма қадам аттап көрiңдершi.
– О, iнiне тығылып алып, сыртқа айбат шегуге батылы жететiн бөрi тәрiздес қазақ. Менiң сөзiм осымен бiттi. Ендi күллi Тәшкен жұрты ертеңгi атқан таңды көрмейдi. Тәңiр өздерiңе әу баста осындай қияметтi жазып қойған болар.
Аттылар керi бұрылды. Саптарына жеткен соң есiк пен төрдей ұзын, дәу атқа мiнген бiреуiмен бiрауық сөйлестi де, шерiк алдын орап, шығыс жаққа шапты. Ұзамай қайта оралды. Әлгi дәу аттыға қолдарын сермей, әлдене айтты. Олардың қылықтарын Қожамжар түсiндi. Екi жаушы Сары Мәнжiге ме, әлде басқа бiр қолбасыға ма барып, ахуалды баяндап келдi-ау. Жаушылармен қысқа сөз қайырысқан дәу атты алға қарай қолын сермедi. Сол-ақ екен қалмақ қолы алға жылжыды. Қамалға елу қадамдай жерге жеткенде Қожамжар сарбаздарына бұйырды.
– Садақшылар, оқ жаудырыңдар!
Қалмақтар батыс жақта-тұғын. Бiрнеше жүздеген жебелер ұшы батуға таяу күн сәулесiне шағылысып, дұшпан үстiне жаңбырша жауды. Аттар кiсiнеп, аһ ұра айқайлаған адамдардың дауыстарынан дүние тiтiркендi. Қамал айналасының бар тұсында шайқас бiрден басталды. Атылған сансыз жебеден қалмақтың алдыңғы шебi жапырылып түскенiмен, олар тез ес жиып, садақ, мылтықтарынан оқ атуға кiрiстi. Екi жақтың атысының нәтижесiнде қамал басындағы оқ тиген қазақтардың һәм ашық далада кеуделерiне жебе қадалған қалмақтардың ойбайлай, жан ұшыра айқайлағандары – бiр сәт дүние төңкерiлгендей шақ туғызған едi, ал күллi аспан астын дiрiлдеткен мылтықтардың қаһарлы дауыстары шыққанда көк құлап, жер опырылғандай көрiндi. Мылтық дауысын өмiрiнде естiмеген бiраз қазақтар садақ-найзаларын жерге тастай салып, құлақтарын баса, жата-жата қалды. Қамал түбiндегi кермедегi аттар осқырынып, жер тарпыды. Мылтықтардың дауыстарының алысқа естiлгенi сондай, Тәшкен iшiн де дiрiлдетiп жiбердi. Үрейленген кәрi-құртаң, қатын, бала-шаға күңiренiп, бүкiл қаланың азан-қазаны шықты.
Қожамжар да бұрын мылтықты көрмеген, үнiн естiмеген, оның сондай қаһарлы да құдiреттi екенiн бiлмейтiн. Айнала тарсыл-дүрсiлге толғанда құлағы шыңылдап, басы айналды. Дәл қасындағы бiр сарбаздың маңдайына мылтық оғы тиiптi. Терi бөркiн тесiп өткен оқ маңдайына ноқаттай ғана жарақат түсiрiптi. Сол жерден тамшылап қана қан ағып жатыр. Өзi қимылсыз, өлiп қалыпты. Тағы бiреуiнiң оқ кеудесiн тесiптi. Киiм сыртынан қан көрiнбейдi. Ол да жансыз. Жан-жағына қарап едi, оқтан ажал құшқандар көп екен. Жараланған бiреулер өкiрiп, ендi бiреулер қол-аяқтарын, иық-мойындарын басып, үнсiз қиналып отыр.
Бiр сәтте мылтық даусы сап тыйылды. Қалмақтар ендi садақ атуға көшiп, жебелерiн қамал үстiне қардай боратты. Айқайлай ұрандатып, қамалға жүгiрдi. Садақшылар артындағы саптағылардың әрбiр бес-алтауында ұзындығы он-он бес құлаш келетiн саты. Қамал түбiне жете салысымен, қорған қабырғасына сатыларын тiреп жоғары өрлемек. Басқа жақтағыны кiм бiлсiн, тура Қожамжар тұрған Ысат қақпасы үстiндегi сарбаздар әлгiндегi мылтық даусынан, оғынан үрейленiп, оқпана жиегiне тығылысып, амалсыз отыр. Бүйте берсе, дұшпанның әп-сәтте қорған басына шығып үлгеретiнiн пайымдаған Қожамжар ұрандата дауыс көтердi:
– Құдай, әруақ қолдамаған адам қорқақ келедi. Қане, бастарыңды көтерiп, бойларыңды түзеңдер. Сөйтсек, бәрiмiздi Құдай, әруақ қолдайды. Садақшылар! Атуға кiрiсiңдер! Тасшылар, төмендегi дұшпанға тас жаудырыңдар! Қарамайшылар, май жағуға дайындалыңдар! Дұшпан – ашық жерде, бiз – тасадамыз, шапқыншының бетiн қайтаруға қайылымыз мол. Қане, бауырларым, тұрыңдар орындарыңнан!
(Жалғасы бар).
Момбек Әбдәкімұлы.