ЕЛІМІЗДЕ ЖЫЛ САЙЫН 360 МЫҢНАН АСТАМ СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛЕДІ

Бүгінде елімізде жыл сайын 360 мыңнан астам сәби дүние есігін ашады, олардың денсаулығын өмірінің алғашқы сәттерінен бастап 4 мыңннан астам педиатр, 1 мыңнан астам неонатолог және жергілікті практика дәрігерлері мұқият қадағалап, бақылауда ұстайды.
Қазақстанда әрбір бала туған сәтінен бастап медициналық бақылауға алынады.
— 7 миллионнан астам бала тегін медициналық көмекке қол жеткізсе, жыл сайын 2 миллионнан астам бала скринингтен өтеді, 4,5 миллионнан астам бала профилактикалық қарап-тексерумен қамтылады, 1,5 миллионнан астам балаға иммундау жүргізіледі, — деді Денсаулық сақтау министрі.
Мектеп жасындағы балаларға ерекше назар аударылады.
— Бүгінде әрбір мектеп белгілі бір емханаға бекітілген, онда 6,5 мыңнан астам медициналық пункт жұмыс істейді. Бұл балалардың денсаулығындағы мәселелерді дер кезінде анықтап, көмек көрсетіп, аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді, — деді Ақмарал Әлназарова.
Осы жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда мектептегі тамақтанудың жаңа ұлттық стандарты енгізіліп жатыр.
Ол ғылыми ұсынымдар, өсіп келе жатқан организмнің қажеттіліктері мен салауатты өмір салты қағидаттары негізінде әзірленген.
Біз балалар денсаулығы инфрақұрылымын дамыту, ерте диагностиканы күшейту, неонаталдық көмек, онкопедиатрия, оңалту және
паллиативтік қолдауға озық технологияларды енгізу жұмысын жалғастырып келеміз, — деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
2025 жылдан бастап емханаларда ерте араласу орталықтары ашылады, олар көмекке мұқтаж барлық балаларды қолдаумен қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді.
Қазақстан балалардың стоматологиялық денсаулығына ерекше көңіл бөледі.
— «Болашаққа — сау тіспен» бағдарламасы шеңберінде еліміздегі барлық мектебінде міндетті стоматологиялық қарап-тексеру мен тісжегі дамуының алдын алу шаралары енгізілді. Мен, педиатр-дәрігер және министр ретінде, баланың денсаулығы — бұл оның толыққанды дамуының, өмірдегі жетістігінің және бүкіл ұлттың білімі мен күшінің негізі екенін жақсы білемін, — деді министр.