НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ӘУЕЖАЙ ІШІН КҮЙМЕН КӨМКЕРДІ

Түркістан халықаралық әуежайында Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 100-ге жуық оқушысы бір мезетте домбыра тартып, жолаушылар мен қонақтарды өнерлерімен тәнті етті. Аталған мәдени іс-шара Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2035 жылға дейінгі «Оқушылардың тұтас дамуы» стратегиясы аясында ұйымдастырылған «Домбыра» жобасының аясында өтті.
Талантты оқушылар «Кеңес», «Нәрағашы», «Келіншек», «Тепеңкөк», «Балбырауын», «Ертұран» сынды күйлерді орындап, әуежай ішін әсем күйге бөледі. Көпшілік шынайы алғыс білдіріп, ерекше әсермен тарқасты. Іс-шара оқушылардың өнер арқылы рухани және адамгершілік құндылықтарын меңгеруіне, ұлттық мұраға деген құрметін арттыруға бағытталған. Домбыраның күмбірлеген үні көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, көрермендердің жүрегіне ұлттық рух, тәрбие мен мақтаныш сезімін ұялатты.