ҮЗДІК МАМАНДАР АНЫҚТАЛДЫ

22
0

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні және Халықаралық музейлер күні аясында Түркістан облысында маңызды әрі тағылымды іс-шара өтті. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалы мен «Ұлы Дала Елі» орталығы бірлесе ұйымдастырған «Кәсіподақ және жұмысшы маман» жобасы аясындағы «Үздік жұмысшы маман» облыстық байқауы музей саласының майталман қызметкерлеріне арналды.

Бұл бастама — музей қызметкерлерінің еңбегіне деген жоғары бағаның белгісі ғана емес, сонымен қатар мәдени мұраны сақтаудағы кәсіби біліктілікті дәріптеудің нақты үлгісі. Байқаудың негізгі мақсаты – музей саласында еңбек ететін қызметкерлердің кәсіби тәжірибесін насихаттау, музейге келушілерге көрсетілетін заманауи қызмет сапасын арттыру, әрі осы салада еңбек ететін жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру. Түркістан облыстық филиалының төрағасы Асылхан Темірхан байқауды ашып беріп, бұл шараның маңызы мен мақсаттары туралы айтып өтті. Оның айтуынша мәдениет саласы – рухани дамудың тірегі. Ал музей қызметкерлері – сол руханияттың шынайы сақшысы. Олардың еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Байқауға облыс көлеміндегі 12 музейден келген музей қараушылары қатысты. Олар өз кәсіби шеберліктерін көрсетіп, арнайы тапсырмалар мен кейстік сұрақтар арқылы іс-тәжірибелік қабілеттерін ортаға салды. Бұл – тек білім мен шеберлік сайысы ғана емес, музей мамандарының өзара тәжірибе алмасуына да мүмкіндік берген маңызды алаң болды.

Тартысты өткен байқау нәтижесінде төмендегі мамандар жүлделі орындармен марапатталды. Бас жүлде  «Ұлы Дала Елі» орталығының маманы Күлзия Құлмаханбетоваға, І орын – Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің қызметкері Алуа Сағатқа, ІІ орын – «Әзірет Сұлтан» ұлттық мәдени қорық-музейінің маманы Эльвира Асқароваға, ІІІ орын – Қазығұрт аудандық музейінің маманы Айнұр Садуоваға және Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің маманы Роза Тажиковаға бұйырды. Байқауға қатысқан өзге де мамандар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Музей – ұлт тарихының, рухани мұрасының, мәдени байлығының айнасы. Онда қызмет ететін әрбір маман – ұлт жадысының күзетшісі, өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір. Музей қараушыларының жұмысы көрінбеуі мүмкін, бірақ солардың күнделікті тәртіппен, ұқыптылықпен атқаратын еңбегі – жәдігердің сақталуына, экспозицияның көрерменге жетуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл байқау – қарапайым жұмысшы маманның еңбегін бағалау, оның кәсібіне қоғам назарын аударту тұрғысынан ерекше маңызды шара болды.

Түркістан облысында өткізілген бұл байқау еңбектің елеусіз түріне лайықты баға беру, музей саласы мамандарының әлеуметтік мәртебесін арттыру, біліктілікті ынталандыру бағытында үлкен қадам болды. Мұндай шаралар арқылы қоғам мәдениет қызметкерлеріне құрметпен қарауға, жас мамандардың музей саласына қызығушылығын арттыруға мүмкіндік туады. Жергілікті кәсіподақ ұйымдарының осындай нақты жобалар арқылы рухани сала қызметкерлерін қолдауы — әлеуметтік серіктестіктің сәтті үлгісі.