ӨРТ СӨНДІРУШІ – ӨЗІН ЕМЕС ӨЗГЕЛЕРДІ ОЙЛАУШЫ
Түркістанда тіркелетін төтенше жағдайдың көбі – өрт оқиғалары. Тез тұтанып, санаулы секундтарда жан-жаққа жылдам шарпитын өртті ауыздықтау қарапайым адамдардың қолынан келе бермейді. Оны қарапайым қаһармандар яғни, өрт сөндірушілер оқшаулап, ауыздықтайтыны сөзсіз. Отты өшіретін өрт сөндірушілердің еңбегі әрқашанда құрметке лайық. Өзгелерді құтқару үшін оттың ортасында жүретін ол азаматтарға зор міндетті жүктеп қойғанбыз. Өртті дер кезінде сөндірсе оларға алғыс айтамыз, ал қызыл жалын біраз аумақты алып, материалдық шығын әкелсе кінә тағып, сын тезіне аламыз. Дегенмен де олардың да өз айтары бар. Ол адамдардың қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауы. Сол қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жыл басынан бері жүздеген хабарлама келіп түскен. Оның ішінде 50-ден астам жағдай өрт оқиғасына қатысты болған. Өртті сөндіру жұмыстары, осы саладағы өзге де мәселер туралы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы Рахымов Нұржау Талғатұлына бірнеше сауалдар жолдаған болатынбыз.
– Нұржау Талғатұлы жыл басынан бері №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы қанша оқиғаларға шақыру алды? Олардың қаншасы өрт оқиғалары?
– Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жыл басынан бастап бүгінге дейін (26-қарашадағы жағдай бойынша) 376 хабарлама түсті. Өрт сөндіру депосының байланыс пунктіне келіп түскен хабарламаның 57-сі өрт оқиғалары, 30 авариялық-құтқару оқиғалары болды. Қалған 289 қоңырау жану жағдайына байланысты түскен хабарламалар болып табылады. Бізге келіп түскен хабарламалар бойынша өрт сөндірушілер едел-жедел оқиға орнына барып, өртті ауыздықтап, азаматтарға тиісті көмектер көрсетті. Жеке құрамның өрт оқиғасы мен авариялық-құтқару бойынша шақыртуларға шығуы 1-2 минутты құрайды.
– Сіз келтірген дереккөз жыл басынан бері өрт оқиғаларының жиі тіркелгенін көрсетеді. Оның себептерін айта кетсеңіз…
– Өрт оқиғаларының ең басты себебі – өрт қауіпсіздігі бойынша қарапайым ережелерді сақтамау болып табылады. Сақтық ережелері туралы жыл он екі ай түсіндіру жұмыстары жүреді. Бірақ кейбір азаматтар оны қаперіне де алмайды. Салдарынан өкінішті жағдайлар орын алады.
– Өрт сөндіруден бөлек сіздер қандай оқыс жағдайларда адамдарға көмекке келе аласыздар?
– Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі өрт оқиғаларынан бөлек, кез келген төтенше жағдайлардан адамдарды құтқарады. Атап айтқанда, шомылу маусымы кезінде іздеу, құтқару жұмыстарына шығамыз. Авариялық-құтқару жұмыстарымен қатар қыс мезгілі кезінде қар басып қалған аудандарға жол ашуға жұмыламыз. Нөсер жауын салдарынан су жиналған аумақтарда суды айдау жұмыстарын орындаймыз. Төтенше жағдайлар кезінде адамдарды қауіпсіз жерге орналастыру жұмыстарының бел ортасында жүреміз.
– Өрт оқиғаларынан бөлек қандай авариялық-құтқару жұмыстары жиі тіркеледі?
– Есік ішінен кілттеніп қалып, адамдар үйде қалып кетсе құтқарушыларға қоңырау шалу жағдайы жиі тіркеледі. Әсіресе күн күрт жылынған мамыр, маусым айларында тұрғын үйлерге жыланның кіріп кеткені туралы хабарламалар көп түседі. Біз визуалды түрде іздеу жұмыстарын жүргіземіз. Құтқарушылар үй ішінен бауырымен жорғалаушыны тапса оны өздерімен бірге алып кетеді. Бірақ кейбір жағдайларда жыландарды таба алмаймыз. Себебі адамдар оны көрген бойда емес бірнеше сағат өткеннен соң бізге хабарлап жатады. Сосын іздеу жұмысынан кейін табылмаса, үй иесінен үйді ақтарып көру бойынша іздестіруге (едендерін көтеріп) рұқсат сұраймыз. Егер рұқсат берсе жыланды іздеуді әрі қарай жалғастырамыз. Бірақ көбіне адамдар үйді ақтарып іздестіруге рұқсатын бермейді.
Одан өзге адамдардың көпқабатты ғимараттардағы жеделсатыларда қалып қойған оқиғаларына шығамыз. Осы қыркүйек айында ойын баласының аяғы темір қоршаудың үшкіл теміріне кіріп кетті. Сол кезде де оны құтқару жұмыстарына шығып, баланы жедел медициналық қызмет мекемесіне тапсырдық. Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары кезінде адамдардың көлік құралдарының арасына қысылып қалуы немесе тағы басқа жағдайлар болады. Сол кезде де өзіміздің арнайы құрал-жабдықтарымыздың көмегімен адамдарды жарақатсыз құтқару жұмыстарын орындаймыз.
– Түркістан қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қанша өрт сөндіруші бар? Жеке құрамның жұмыс күні қалай өтеді?
– Бөлімдегі жеке құрамда 56 өрт сөндіруші бар. Өрт сөндірушілер ауысым бойынша кезекшілікке түскенде Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы бекіткен күн тәртібімен сәйкес жұмыс жасайды. Қарауыл бастығы күн тәртібіне сәйкес сабақ өтеді. Жеке құрам өрт құтқару дайындығы бойынша жаттығулар жасап, әрдайым әскери дайындықта болады.
Сонымен қатар ай сайын кестеге сәйкес қаладағы ірі, маңызды, адамдардың ізі суымайтын ғимараттарда «Өрт-тактикалық жаттығу» сабағы бойынша тәжірибелерін шыңдайды. Бөлім аумағында орналасқан жылу түтін камерасында таза ауаға жарамсыз ортада өрт сөндіру үшін, авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жаттығулар жасайды. Сабақ барысында қалада орын алған ірі өрттерге талдау жасалынады.
– Өрт сөндіру депосында қанша техника бар? Олар заман талабына сай жарақтандырылған ба?
– Бізде барлығы 14 техника бар. Осы жерде айта кетейін. Жалпы өрт сөндіру техникалары негізгі, арнаулы және көмекші деп үш түрге бөлінеді. Негізгі өрт сөндіру автомобильдеріне автоцистернамен, қол сорғылармен, автосорғылармен, сорғы станцияларымен жабдықталған газды су, көбіктенген ауа, ұнтақты өрт сөндіргіш заттар шашатын автомобильдер жатады. Олар өрт ошағына сөндіргіш заттар шашады. Автоцистерналы өрт сөндіру автомобилі өрт ошағына шашылатын өрт сөндіргіш заттармен бірге өрт сөндірушілерді де алып жүреді және өрт сөндіруге қажет әртүрлі құрал-жабдықтармен жабдықталады.
Өрт сөндіру сатысы, жарықтандыру, техникалық, т.б. мақсаттарға арналған құралдармен жабдықталған автомобиль арнайы өрт сөндіру автомобилі деп аталады. Өрт сөндіру автомобилі өрт ошағына өрт сөндірушілерді, бөлме ішінен түтін соратын және оған таза ауа айдайтын, үйді бұзатын не тесетін, жөндейтін, т.б. құрал-жабдықтарды тасиды.
Көмекші өрт сөндіру автомобилі ірі өрт сөндіру кезінде өрт сөндіру техникасының жұмысына көмек (жанар май құю, жөндеу, техникалық қызмет көрсету) көрсетеді және т.б мақсаттар үшін пайдаланылады. Барлық өрт сөндіру автомобилдерін өзге көлік түрлерінен оңай ажырату үшін қызыл түске (немесе қызыл және ақ) бояйды. Өрт сөндіру автомобилдері көк сәулелі шамшырақпен және сиренамен жабдықталады.
Біздегі 14 техниканың 4-уі негізгі өрт сөндіру автокөліктері, 2-уі арнайы өрт сөндіру автокөліктері, қалған 8 техника көмекші автокөліктер болып табылады.
– Өрт сөндірушілердің арнайы киімі қанша келі болады? Жалпы құтқарушы мамандығының біз білмейтін қырлары, қиындығы туралы айтып өтсеңіз…
– Өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімінің салмағы 3,5 келіге жетеді. Одан өзге тыныс алуға арналған 12 келілік драгер аппараты, панорамалық маскасы, өрт белдігі (пояс) мен балтасы, басына киетін дулығасы (каска), басы темір резеңке етігі болады. Киімі мен жарақтарының бәрі 25 келіге жетеді.
От – тілсіз жау екені бәріне белгілі. Өрт сндірушілер сол тілсіз жаумен күреседі. Бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Құтқарушы болу мықты ерік-жігерді талап етеді. Мықты талаптың өзі аздық етеді. Жауынгерлік қыр болуы тиіс. Төтенше жағдайлар кезінде адамдарды тығырықтан алып шығу үшін білім қажет. Ептілік тағы керек.
– Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы өрт оқиғаларының көбі түнде орын алатынын алға тартады. Мұның себебі неде?
– Иә, өрт оқиғаларының көбі түнде орын алады. Оған бірнеше себеп бар. Мысалы, қазір жылыту маусымы болып жатыр. Көп азаматтар үйықтар алдында пешке көмірін салады да алаңсыз ұйқыға кетеді. Сөйтіп қызған пештен оның айналасында тұрған киімдер жанады. Немесе пеш алдына қаңылтыр қағылмағандықтан еденге шоқ түсіп, өрт оқиғасын тудырады. Сонымен қатар электр құралдарының дұрыс істемеуінен қысқа тұйықталу болып, өрт орын алады.
– Түркістан қаласы аумағында өрт сөндіру көліктерінің жүруіне ыңғайлылық тәулік бойы сақталады ма?
– Өрт сөндіру автокөліктерінің оқиға орнына жеткенше жолдарда түрлі кедергілерге тап болатыны мәселесі барлық өңірлерде айтылады. Мысалы, ірі қалаларда өрт болған мекенжайға жедел жетуде кептеліс көп кері әсерін тигізетіні, жүргізушілердің жол бермеуі жиі айтылады. Мұндай жағдайлармен бізде бізде бетпе-бет келеміз. Сонымен қатар бізде көпқабатты үйлер алдындағы тұрақтарда адамдардың өз көліктерін дұрыс қоймауы өрт сөндіру автокөліктерінің оқиға орнына жедел жетуіне қолбайлау болады. Яғни, тұрақтағы көліктерден біздің техникаларымыз өте алмай жататын жағдайлар жиі кездеседі.
– Тұрмыста өрттің шығуына көбіне көп қандай жағдайлар себеп болады?
– Тұрмыстағы өрт оқиғаларының ең көп тараған себебі – отты пайдаланудағы абайсыздық. Сонымен қатар мас күйінде темекі шегу, тұрмыстық газ құралдарын, пешті, электр жабдықтары мен аспаптарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылу жағдайлары өрттің пайда болуына әкеп соқтырады.
Пәтерлер мен тұрғын үйлерде өрт оқиғасы болмас үшін адамдар балкондар мен лоджияларда тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды, газ баллондарды сақтауға, төсекте темекі шегуге, балкондар мен лоджиялардан темекi тұқылын лақтыруға, плитада дайындалып жатқан тамақты бақылаусыз қалдыруға, жанып тұрған шырақтарды желдiң өтiне қоюға, жанып тұрған шырақтарды тез тұтанатын материалдардың қасына қоюға, жанып тұрған шырақтарды қараусыз қалдыруға,жанып тұрған шырақтарды балалар мен үй жануарларына қолжетiмдi жерлерде қалдыруға жол бермеуі керек. Сонымен қатар пешті дұрыс қолданып, жылыту маусымының алдында және жылыту маусымы аяқталған соң мұржаны ыстан тазалаған абзал. Одан өзге электр токтарына салғырт қарамаған жөн.
– Өрт сөндіруші боламын деген жас не істеуі керек? Қандай оқу орнына түсуі қажет?
– Өрт сөндіруші боламын деген жастың бойында мықты ерік-жігер болуы қажет. Өртті сөндіру мен өзге де авариялық құтқару жұмыстарын атқаруға машықтанған кәсіби маман болудың қыр-сырын меңгеремін деген жас өрен Көкшетау қаласындағы М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсуі керек.
Аталған оқу орны «Өрт қауіпсіздігі», «Төтенше жағдайларда қорғау», «Өрт сөндіру және авариялық құтқару ісі», «Азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық күштері» мамандықтары бойынша мамандар даярлайды. Бұл оқу орнына орта білім барі, он алты жасқа толған, денсаулығы бойынша әскери қызметке және оқуға жарамды Қазақстан Республикасының азаматтар (ер балалар мен қыз балалар) түсе алады.
Академияға қабылдау медициналық, дене шынықтыру жəне психофизиологиялық көрсеткіштері бойынша іріктеу қорытындыларын ескере отырып, ҰБТ қорытындылары бойынша сертификат балдарына сəйкес конкурс бойынша жүргізіледі.
Күндізгі оқу түріне қабылдау 4 кезеңнен тұрады. Ең әуелі қабылдау комиссиялары оқуға түсуге құжат т апсырған азаматтардың жеке істерімен танысады. Содан соң оқуға түсуге денсаулығының жарамдылығын анықтау мақсатында іріктеу өтеді. Одан кейін үміткерлер бекітілген нормативтерге сəйкес дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтар тапсырады. Бұл сынақтан кейін кабылдау комиссиясы конкурстық іріктеу жүргізеді жəне Академия курсанттары қатарына қабылдайды.
– Өрт сөндіруші мамандығы қиын кәсіп пе?
– Енді қараңыз, от тілсіз жау. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен күресу үшін көк түтін мен жалынның арасында жүреді. Ондай жерде жарытып ештеңені көре алмайсың. Әскер кіммен күресіп жатанын көрсе, өрт сөндірушілер көзге көрінбейтін, қолмен ұсталмайтын «жаумен» күреседі. Бұл кез келген адам үшін оңай емес.