ШЫМКЕНТТЕ ЖАС САРБАЗДАРДЫ ҚАРУЛЫ КҮШТЕР ҚАТАРЫНА САЛТАНАТТЫ ШЫҒАРЫП САЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

Шымкент қаласында ҚР Қарулы күштерінің Отар гарнизоны 30212 әскери бөліміне жас сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шара аясында көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында отан алдындағы борышын өтеуге бет алған азаматтармен қоштасу рәсімі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, 1 наурыз бен 30 маусым аралығында Шымкент қаласында көктемгі әскерге шақыру науқаны жүргізілуде. Биылғы науқан барысында 1000-нан астам жас азаматты Қарулы күштер қатарына жіберу жоспарланған. Бүгінгі шарада 30 сарбаз Отар гарнизонына жол тартты.

Салтанатты рәсімге Шымкент қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, әскери сала ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысты. Полковник Шегебаев өз сөзінде әскер қатарына бару – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті.

– Мерзімді әскери борышын өтеу – әрбір ер азамат үшін зор абырой. Қазақстан Қарулы Күштерінің қуаты жыл сайын артып, жауынгерлік дайындық деңгейі жоғарылап келеді. Отан қорғау – перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Келесі жылы жас сарбаздарды зор құрметпен қарсы алайық, – деді Әбдіғабит Құрбанұлы.

Сондай-ақ, жиын барысында Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзенбаев сөз сөйлеп, болашақ жауынгерлерге сәт-сапар тілеп, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау – әр азаматтың абыройлы міндеті екенін атап өтті.

Іс-шара әсерлі сәттерге толы болды. Сарбаздар туған-туыстарымен қоштасып, отансүйгіштік рухпен сапарға аттанды. Алдағы күндері Шымкент қаласынан Ұлттық ұлан қатарына да жас сарбаздарды шығарып салу рәсімдері жоспарланып отыр.