ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ АЛЬЯНСЫ ҚҰРАМЫНА ӨТУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Ханчжоу қаласында жалғастырды. World Tourism Alliance (WTA) – Халықаралық туризм альянсының басшылығымен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Түркістан өңірінің туризм әлеуетін талқылап, халықаралық туристік серіктестікті кеңейту жолдарын қарастырды. Түркістан облысының Туризм басқармасы WTA құрамына мүшелікке өту жөнінде ресми өтінім берді. Альянс басшылығы бұл бастамаға оң көзқарасын білдіріп, қабылдау 2025 жылдың күз айларында өтетінін растады.
Халықаралық деңгейдегі бұл қадам Түркістанның жаһандық туристік картадағы орнын айқындап, шетелдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттырады. WTA алаңында өңірдің мәдени мұрасы мен киелі орындарын таныстыру, инвестициялық жобаларды ілгерілету және туризм саласында үздік тәжірибе алмасу мүмкіндігі артады. З.Жолдасов өңiрдiң туристік әлеуетін жандандыру бойынша Еуразиялық туризм ассоциациясымен бiрлесе, WTA ұйым мүшелерін облысымызда қарсы алуға дайын екенін жеткізді.
World Tourism Alliance (WTA) – әлемдік туризм саласындағы ықпалды коммерциялық емес ұйым. 2017 жылы құрылған ұйымның штаб-пәтері Ханчжоу қаласында орналасқан. Әлемнің 40-тан астам елінің 150-ден астам ұйымымен тығыз байланыста. Бұл ұйымдар құрамында ұлттық туризм басқармалары, туристік агенттіктер, әйгілі ғаламдық корпорациялар, ғылыми-зерттеу орталықтары және туристік БАҚ өкілдері бар.
WTA-ға мүше болу – Түркістан облысына халықаралық форумдар мен көрмелерге қатысуға, сондай-ақ әлемдік туризм трендтерін ескеріп, өз стратегиясын жетілдіруге мол мүмкіндік бермек.