КЕЛЕС АУДАНЫНДА ІРІ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНАДЫ

Мал шаруашылығын дамыту – еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы стратегиялық басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында бұл саланың болашағына ерекше тоқталып, 2035 жылға қарай әлемде ет тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға, ал ет импорты 27 миллион тоннаға дейін артатынын атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, Қазақстанның, әсіресе Азия нарығына сапалы ет экспорттайтын ірі елге айналуына толық әлеуеті бар. Осы мақсатта ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамытуға бағытталған нақты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет басшысының осы тапсырмасы аясында Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округі аумағында ірі инвестициялық жоба қолға алынбақ. Атап айтқанда, 20 мың басқа арналған заманауи ірі мал бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Жоба жеке инвестордың бастамасымен жүзеге асырылады. Кәсіпкер 20 гектар жерге 8 миллиард теңге инвестиция құйып, халықаралық талаптарға сай, заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік кешен салуды көздеп отыр. Жобада экологиялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылған. Қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, жағымсыз иіс пен қалдықтардың таралуын болдырмайтын арнайы технологиялық шешімдер қарастырылған. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына кері әсер етпеуге мүмкіндік береді. Бордақылау алаңында санитарлық-қорғау аймағы сақталып, қалдықтарды өңдеудің тиімді жүйесі енгізіледі.
Жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы да назардан тыс қалған жоқ. Осыған байланысты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жоспарланған нысан аумағында болып, ауыл тұрғындарымен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын жан-жақты түсіндіріп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап берді. Жобаның ауыл дамуына тигізер пайдасы, экологиялық қауіпсіздігі және жұмыс орындарын құру мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесу кезінде тұрғындар ауылішілік инфрақұрылымды жақсарту, жол салу, мектеп пен мәдениет үйін салу жөнінде ұсыныстарын білдірді. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі ауылда кәсіпкерлік дамыса, салық түсімінің артатынын атап өтті. Салық көлемінің өсуі ауыл бюджетінің ұлғаюына тікелей әсер етіп, әлеуметтік нысандардың салынуына мүмкіндік береді. Сондықтан жергілікті атқарушы билік кәсіпкерлікті қолдауға мүдделі екені айтылды. Мұндай ірі жобалар ауылдың дамуына нақты серпін беретін маңызды фактор ретінде бағаланды.
Сонымен қатар, жайылымдық жерлер мәселесі де көтерілді. Аудан әкімі жайылымдық жерлер кәсіпкерге берілмейтінін, тек жобаның бастапқы кезеңінде қажетті инфрақұрылым үшін 5 гектар жер уақытша пайдалануға ұсынылатынын түсіндірді. Бұдан бөлек, кәсіп бастауға ниетті жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетіні, жеңілдетілген несиелер мен бағдарламалар арқылы қолдау жасалатыны жеткізілді. Инвестор өз кезегінде бордақылау алаңының санитарлық талаптарға толық сай болатынын, экологиялық қауіпсіздік пен иіс шығармайтын заманауи технологиялар қолданылатынын атап өтті. Жоба іске асқан жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Бұл ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Келес ауданында жүзеге асырылуы жоспарланған бұл инвестициялық жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға және аудан экономикасын нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, жоба ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына үлес қосатын маңызды бастама болып табылады.

